Хабар телеарнасы

Кәсіпқой бокс шебері Данияр Елеусінов кезекті жекпе-жекке дайындалуда

Солардың бірі – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов. Әуесқой бокста жүлде біткеннің барлығын жиып алған Елеусінов енді кәсіпқой бокста көк туымызды желбіретсем деп тер төгіп жүр.

Спортшыларды тек жеңіске жеткен кезде ғана іздеп жатамыз. Әсіресе туған жерден жырақта жүрген ұл-қыздарымыз тасада қалып қояды. Төрт жыл бұрын ғана төбемізді көкке жеткізіп, қазақ еліне Олимпиаданың алтынын сыйлаған Данияр Елеусіновті де көптен көрмедік, естімедік. Кәсіпқой боксқа ауысып, қарсыластарына бет қаратпай жүрген Данияр қазір қайда? Не істеп жүр? Қашан шаршы алаңға шығады деген сауал жанкүйерлерді мазалап жүргені анық.

Данияр Елеусінов, Олимпиада чемпионы:

- Осы жылы сәуір айында Индонгке қарсы жекпе-жегім өтуі тиіс болатын. Қарсылас сол қалыпты Индонг болып қалатын болды. Тек әзірге өтетін мерзім белгісіз. Тамыз айында, мүмкін оған дейін маусым айында өтіп қалатын шығар. Промоутерлер ол сұрақты шешіп жатыр.

Кәсіпқой бокста 9 жекпе-жек өткізіп бәрінде жеңіске жеткен Данияр енді Намибия мықтысымен қолғап түйістіреді. Қазір дайындығын пысықтауда. Әлемдегі пандемияға байланысты біраз өзгеріс болды. «Дегенмен карантин кезінде де бар мүмкіндікті пайдаландық», – дейді боксшы.

Данияр Елеусінов, Олимпиада чемпионы:

- Мына жақта карантин қатты болған жоқ. Көбіне ойын-сауық орталығы, тамақ ішетін ресторандар, кафелер жабық болды. Бірақ көшеге шығуға әрдайым мүмкіндік болды. Маска киіп жүруімізді сұрайды. Дегенмен басқа да көпшілік баратын жер ашық тұр. Спортзалда бокс залы да ашылды. Жаттығуға мүмкіндік бар.

Даниярды әкесі жаттықтырады. Баласы үшін бәріне төзіп, бар білгенін үйретіп жүрген Марат ағамыз туған жерге деген сағынышын жасыра алмады.

Марат Елеусінов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы:

- Елді, ағайын-туыс, бауырларымыздың бәрін сағындық. Оның ішіне жолдастарымыз, жанұямызбен араласатын достар да бар. Елді, жерді сағынасың.

АҚШ-қа қыдырып барған Даниярдың анасы да пандемияға байланысты Қазақстанға қайта алмапты. Қазір Елеусіновтер отбасы Майами маңында тұрып жатыр.

Авторы: Жандос Айтбайұлы