Хабар телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Сенім грамоталарын Швеция Корольдігінің елшісі Ева Ульрика Пулано, Грузияның елшісі Николоз Лалиашвили, Мьянма Одағы Республикасының елшісі Лвин У және Кипр Республикасының елшісі Кипрос Йоргаллис тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту жұмыстарына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған бейбіт әрі ашық сыртқы саясат жүргізіп отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы дипломаттардың игі миссияларын орындауы кезінде Қазақстан Үкіметі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.