Хабар телеарнасы

Еліміздің көптеген аймағында көктемгі су тасқынының қаупі басым болып тұр

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді. Ведомства өкілдерінің сөзінше, әсіресе Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Абай облыстарында ылғал қоры жоғары. «Әзірге тек Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ешқандай қатер жоқ», дейді мамандар. Елдегі су қоймалары да әзірге тола қоймаған. Бірақ тексеру жүргізілген 1300-ден астам гидро-техникалық нысанның 471-і жөндеуді талап ететіні белгілі болып отыр. Ал олардың үшеуі апаттық жағдайда. Жауаптылар бұл су қоймаларының қазір транзиттік режимде жұмыс істеп тұрғанын айтады. 

Досбол Бекмағамбетов, ҚР ЭТРМ су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- 2017-2022 жылдары 16 нысан қалыпқа келтірілді. Нәтижесінде 120 мыңнан астам халқы бар 19 елді мекенде су басу қаупі жойылды. Биыл тағы 2 су қоймасын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Қалған 17 жоба бойынша 36 млрд теңге қаражат бөлу талап етіледі. Оның ішінде Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда тағы қосымша 10 млрд теңге бөлу қажет.