Хабар телеарнасы

Жаңа сенаторлардың есімі анықталды

Әрбір өңірден бір-бір өкілден 20 депутат сайланды. Олар енді алдағы 6 жыл бойы өз қызметтік өкілеттіктерін Парламент Сенатында атқарады. Сайлауға дауыс беруге құқылы 3 мыңнан астам таңдаушының 91,7% қатысыпты. Шара барысында ешқандай арыз-шағым, заң бұзушылық тіркелмеген. Осы саяси науқан арқылы Сенаттың құрамы айтарлықтай жаңара түспек. Өйткені үміткер ретінде тіркеліп, жеңіске жеткендер қатарында бұрын сенатор болғандар санаулы ғана.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы: 
- Республика бойынша Сенат депутаттығына 130 кандидат ұсынылып, 55 кандидат дауысқа түсті. Сенат сайлауында кандидаттардың және депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынушылар болды. Бұл азаматтық қоғамда жеке саяси мүдденің артып келе жатқанын көрсетеді.