Хабар телеарнасы

Биыл Қазақстан-Канада тауар айналымы 700 млн доллардан асты

Қос мемлекет серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі. Осыған байланысты елордада екі елдің кәсіпкерлері бас қосып, бизнес әлеуетін арттыруды талқылады. Жиынға Канададан 50-ге жуық компания өкілдері қатысты. Бұған дейін де екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен кәсіпкерлері кездескен болатын. Нәтижесінде пайдалы қазбаларды өндіру, энергетика, аэрофизика және авиация, ауыл шаруашылығы, білім беру және, денсаулық сақтау салалары бойынша 5 жоба қабылданды.

Ақылбек Камалдинов, ҚР Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі:
-Екі елдің экономикалық құрылымы мен бизнесті дамытуға берілген мүмкіндіктері бірдей. Жер көлемі мен техникалық әлеуеті де ұқсас. Сол үшін түрлі салада серіктестікті арттыруға мүмкіндік бар. Энергетикалық сектордан бөлек ауыл шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады. Десе де, жұмысты жандандыруды жалғастыру керек. Сол үшін ірі бизнес өкілдерін тартып жатырмыз. Ресейде жұмыс істеген канадалық компанияларды да шақырдық.