Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдері үшін брифинг берді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Жеті жыл уақыт жеткілікті деп ойлаймын. Себебі жеті жыл әрбір адамның ғұмырындағы үлкен мерзім. Ең алдымен, Қазақстанда билікке ешқандай монополия болмайды. Билікті монополияға айналдыруға тыйым салынады. Бұл – өте маңызды мәселе. Жеті жыл жеткілікті. 21 жыл ішінде, Құдай қаласа, Қазақстанда үш президент болады. Меніңше, бұл – өте жақсы ұғым.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта парламент құрамында болатын өзгерістерге тоқталды. 

- Әзірге елімізде бірде-бір жаңа саяси партия тіркелген жоқ. Сайлау сол ойыншылармен өтеді деген қауіп бар. Бұл жағдай өзгереді деп күтесіз бе?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Парламент сайлауына дейін бірнеше партия тиісті шарттарды орындап, тіркеуден өтеді деп ойлаймын. Бұған біз де мүдделіміз. Сонымен қатар Парламент сайлауы жаңа аралас жүйе бойынша өтеді. Сайлау нәтижесінде еліміздің заң шығару органына ерекше азаматтар, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы адамдар да мүше болады деп ойлаймын.

Президентке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев елдің сыртқы саясаты туралы да айтты.

- Қазақстан әрқашан көпвекторлы саясат ұстанып, сырттан келген түрлі қысымдарға қарамастан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сүйене отырып, көптеген мәселелерде бейтараптық танытты. Қазіргі геосаяси жағдайда мұндай ұстанымды сақтап қалу мүмкін және бұл қиын ба?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Геостратегиялық ұстанымды, экономикамызға 300 млрд доллар инвестиция тартылғанын және біздің нарықта әлемдік ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істейтінін ескере отырып, Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуге міндетті деп ойлаймын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына берік екені, бейбіт сыртқы саясат жүргізетіні туралы бірнеше рет айттым.