Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Абай облысына жұмыс сапарымен барды

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:
-Семей — ұлылар мекені. Алаштың астанасы. Тоғыз жолдың торабы. Қазақстан үшін қаланың рухани және саяси стратегиялық маңызы зор. Аймақ Ресей және Қытай сынды алпауыт елдермен шектеседі. Сондықтан транзиттік әлеуеті жоғары. Жаңадан құрылған Абай облысы өз дамуында осы мүмкіндікті ұтымды пайдалануы тиіс. Сонда Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ел дамуына да өз үлесін қосады. Жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп өңірге қатысты бастамаларымен бөлісті.

Жыл басынан жаңа облысқа 197 млрд теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд теңгеге жуықтады. Ілгерілеу бар. Бірақ әлеуеті толық ашылған жоқ. Әсіресе тасымал саласында өңірлік мүмкіндігі мол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет.

Кезінде Семей өндірісі өркендеген, тірлігі қыз-қыз қайнаған қала еді. Алайда облыс мәртебесінен айырылғалы тұрмысы төмендеді. Инфрақұрылымы әбден тозды. Енді өз алдына жеке облыс ретінде құрылуы өңірді қайта түлетеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық.

«Семей» дегенде полигон қасіреті еске түсетіні анық. Зұлматтың зардабы әлі бар. Қаншама жер игерілмей, бос қалды. Енді геологиялық зерттеулер жүргізіп, тау-кен өндірісін жандандыратын уақыт жетті. Ауыл шаруашылығына жарамды жерлер анықталып, пайдалануға беріледі. Осылай деген Президент ядролық сынақтан зардап шеккендерді оңалту да өзекті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек. 

Тарихи өлкеде мәдени-танымдық туризмді дамытыуға да мүмкіндік бар. Ол үшін қажырлы еңбек керек. Осы тұста Президент хакім Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деген сөзін тілге тиек етіп, жастарды білімге, еңбекке және Отанын сүюге үндеді. Өңірдің және республиканың дамуына айрықша еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады.

Амантай Мұқатаев, еңбек ардагері:
- Жергілікті жұрт Президенттің бастамаларын ыстық ықласпен қабылдап, ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы келіп, фотоға түсіп, жиылған жұртқа алғысын білдірді.


Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Ербол Даиыров Дулат Ентебеков