Хабар телеарнасы

Әлихан Смайылов: Еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ

Жалдамалы тұрғын үй бағасының өсуінен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отырғанына назар аударып, жауапты органдарға бұл жағдайды тұрақтандыруды тапсырды. «Сондай-ақ еңбекпен қамту мәселесінде де алдымен қазақстандықтарға басымдық берілуі қажет. Ал көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады», — деп атап өтті Премьер-Министр. Сондай-ақ отырыста бизнесті дамытуға бағытталған шаралар айтылды. Мәселен, биыл кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына 1,6 трлн теңге бөлініп отыр. Ұлттық жоба аясында 1 млн-ға жуық жұмыс орны құрылады. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35% дейін жетеді. Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» палатасымен және орталық мемлекеттік органдармен, облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі 
-Әкімдіктер кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Әсіресе кәсіпкерлік нысандарына дейін инфрақұрылымды жеткізіп беруге көмектесу керек. Электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдаңыздар.