Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновті және Дәурен Абаевты қабылдады

Ол Президентке сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол бермеу жөніндегі профилактикалық және алдын алу іс-шаралары жайында баяндады.

Соңғы 7 айда 1400-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, жемқорлық фактісімен 900-ге жуық тұлға анықталған.

Президент тапсырмасына сәйкес, агенттік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлімшелерінің жұмысын бағалау тәсілдерін қайта қарап шықты. Ведомствоның қызметіне бағдар ретінде сыбайлас жемқорлық қауіптерінің картасы әзірленіп, оған процестердің ашық болмауы, әкімшілік кедергілер және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін орындамауына қатысты халық пен бизнесті толғандыратын мәселелер енгізілді.

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Биыл мәдениет, өнер және спорт қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бұл жөнінде Президенттің қабылдауында болған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына кітап шығару саласындағы ахуал туралы баяндады. Қазір негізгі күш баспа өнімдерінің, соның ішінде балалар әдебиетінің бәсекеге қабілетін арттыруға, сондай-ақ жазушыларды қолдауға бағытталған.

Кездесуде қазақстандық спортшылардың халықаралық ірі жарыстар мен 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы да баяндалды. Президент министрге бұқаралық және балалар спортын дамыту, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Биыл үлкен-үлкен тың жобалар іске асады. Үлкен Олимпиада 2024 жылы Париж қаласында өтеді. Соған дайындықты бастап жатырмыз. Биыл ішкі туризм саны 8 млн-нан асады деп болжап отырмыз. Осы саланың инфрақұрылымын дамытуға сервисті жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Одан басқа бізде архив саласы бар. Сол бойынша да цифровизация қалай жүргізіліп жатқаны туралы баяндап бердім.