Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев қант бағасына жауапты қос министрге сөгіс жариялады

Үш министр сөгіс алды, ал Цифрландыру министріне ескерту жасалды. Осылайша, қантты тек бір келілеп сатамыз, ал киікті атамыз деген салалық министрліктің шешіміне Мемлекет басшысы мін тақты.

Жалпы, осы отырыста Президенттің 1 сағатқа жуық созылған сөзінде Үкіметтің жұмысына айтылған сын басым болды.

Қазақстанда жаңа Үкіметтің жасақталғанына тура алты ай өтті. Жарты жыл – аз мерзім емес.

Әлихан Смайылов басқарған министрлер кабинетіне Президент жүктеген ең басты міндет инфляцияны ауыздықтау болатын. Бірақ қазақстандықтарды қымбатшылық күннен-күнге қысып барады. Азық-түліктің кейбір түрі тіпті 80% қымбаттағанын Президенттің өзі айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2% жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80% қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде керісінше болуы керек.

Жаңа үкімет, ескі тәсіл. Үкімет орталықта отырып: «Бағаны өсірмеңдер», - деп айтады, ал өңірдегі әкімдер дүкен аралаумен ғана шектеледі. Сосын тағы сол ескіше есеп беру әдісі. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Келер жылы Қазақстан өз-өзін құс етімен 40% қамтамасыз етеді», - дейді, бірақ бұған Президент сенбейді. Сенбейтіндей жөні бар, себебі сырттан сүт сатып алу 17% артқан. «Қант тапшылығы – бұл Үкіметтің үлкен қателігі», - деген Президент Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұрын іске қосылған жеті қант зауытының бүгінде тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Оның өзінде олардың қуаттылығы 31% аспайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылша қант өндірісінің үлесін алты есе көбейтпек. Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасы егілетін аумақтың үштен бірі қысқарған. Біз қант импортына 90% тәуелдіміз. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шешімге сілтей салуға болады. Бірақ қандай жағдай болмасын, бұл – Үкіметтің үлкен қателігі. Демек, мемлекеттің мүддесін қорғай алмадық. Сондықтан министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев тоқталған екінші мәселе – қазақстандықтардың табысы. Президент табысы төмен өңірлерді атады. Олар: Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары, Алматы мен Шымкент қалалары. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының тиімділігіне де Президент күмәнмен қарайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші -2,9% болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз.

700-ге жуық жетекші әлемдік компаниялар Ресей нарығындағы жұмысын тоқтатты не елден мүлдем кетті. Президент Үкіметке олардың алысқа кетпей, Қазақстанға келіп жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет деп санайды. Инвестицияға тартыс күшейіп келеді, бірақ Үкімет енжар. Президент қайта өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалардың пулын әзірлеуді тапсырған, бұл тапсырма әлі орындалған жоқ. Геология саласына да инвесторларды тарту ісі де тек жоспар күйінде қалып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдегі геология саласындағы жұмыстардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамсыз ету – маңызды міндет. Біз бұл жайында көп айтып жүрміз, тіпті жеке министрлік те құрдық. Алайда ашықтықтың болмауы, шешімдерді кулуарда қабылдау бүгінге дейін саланың дамуын тежеп отыр. Ал геологиялық ақпаратқа жолы ашық адамдар байып жатыр. Үкімет бірнеше жылдан бері ашық геологиялық ақпараты бар минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру туралы уәде беріп келеді. Қаржы бөлінді. Алайда бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте біліктілік жоқ па әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да министрліктерге қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын.

Серікқали Брекешевтің сөгіс алуына тек бұл ғана себеп емес еді. Министрліктің киік популяциясын реттеу жөніндегі жұмысы да Президенттің ашуын шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда қарау керек еді. Шынымен де, киік – қазақ халқы үшін киелі жануар. Табиғи ландшафтан 80 мың киікті ату туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Мұның басқа да тәсілдері бар шығар. Мамандармен ақылдасыңыздар. Оны өлтіруге амалдың жоқтығынан ғана баруға болады.

Ең жас министр Бағдат Мусин басқаратын министрлік те Президенттен ескерту естіді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді цифрландыру қарқынына көңілі толмайды. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру өте баяу жүріп жатыр. Елде ана мен бала өлімі көбейген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп. Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды

Жолдың жырын да Президент біліп отыр. Қазақстанда жол құрылысына қажет материалдың бәрі бар. Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Президенттің ойынша, мұндай тапшылық қолдан жасалып отыр. Мысалы, Қазақстанда битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан 200 мың тонна битум жетіспейді. Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алу конкурсына да негізінен отандық компанияларды қатыстыру қажет екенін айтты. Жолға қатысты Президент тағы бір ұсыныс айтты. Ол – «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіру. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады. Айтпақшы, Президенттің айтуынша, Ақордаға апаратын жол да тақтайдай түзу емес көрінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек.

Президент ұзақ сөйледі. Жастарды жұмыспен қамту, балабақшадағы бүлдіршіннің қауіпсіздігі, энергетикалық қауіпсіздік, газ тапшылығы дей келе, Үкімет шешуге тиіс алты міндетті атап-атап көрсетті.

Сөзін қорыта келе, Президент Үкіметтің жартыжылдық жұмысына орташа деген баға берді. Яғни жаман да емес, жақсы да емес, былайша айтсақ – «3» деген баға.

Президент сөз соңында: «Күзге қарай кадрлық шешімдер қабылдау керек болады», - деді. Демек, Мемлекет басшысы Үкіметтің ауысуын жоққа шығармайды. Бәлкім, Президент қазіргі кабминді ширатып алуды жөн көрген болар. Қалай дегенмен де күзге дейін уақыт бар.

Авторы: Гүлжан Марқабаева