Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі жұмыс сапары жалғасуда

Ал түске дейін ол бірқатар саяси әріптестерімен екіжақты кездесу өткізіп үлгерді.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Форумға 100-ден астам елдің өкілі қатысып отырған соң ба, жергілікті билік сақтық шарасын қайта күшейткен сияқты. Кіреберісте келген әрбір қонақтың бетперде тағуын қатаң талап етіп тұр. Негізі Ресейде бетперде тағу режимі ресми түрде көктемде тоқтатылған. Сондықтан бұл талап бізге аздап қисынсыздау көрінді. Сонда да кимесек, болмайтын тәрізді.

Мынау қызғылт киімдегі волонтерлардың жұмысы аса жауапты, «бетперде тағыңыз» деген жазуы бар тақтайшаны ұстап, күні бойы ерсілі-қарсылы жүрді де отырды. Бірақ екі жыл бетпердемен жүріп жалыққан жұрт бұл талапқа құлақ асар түрі жоқ, кірер-кірмес бетпердесін шешіп тастағандар көп болды.

Бұл зал – форумның негізгі нүктесі. Инвесторлардың назарын аудару үшін ресейлік кәсіпкерлер барын осы жерге қойды. Тематикалық көрмеде IT, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика саласындағы тың жобалар таныстырылып жатыр. Санкция қыспағына түскен Ресей экономикасы өзінің инвестициялық тартымдылығын жоғалтып алғаны рас, сондықтан форумды кәсіпкерлер барынша тиімді пайдаланып қалғысы келген сыңайлы. Өзара тіл табысқандары тиімді келісімдерге қол қойып үлгерді.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Көрме ашылған үш күннен бері дәл осы араға келушілердің қарасы азаймай тұр. Неге десеңіз, мұнда ресейлік өнертапқыштардың жасанды интеллект жобасы қойылған. Кибер дәмхана деп аталады. Міне, мына тұрған жандардың бәрі сол дәмхананың қызметкері Дуняшаның қолынан дәм татқысы келіп тұр. Ол сіздің сөзіңізді түгел түсінеді, тапсырыңызды бұлжытпай орындайды. 

Тимур Габдуллин, «Кибер дәмхана» жобасының авторы:

- Сіз бұл жерде балмұздақпен қоса газды сусындарға, кофеге тапсырыс бере аласыз. Оны 2-2,5 минут ішінде орындайды. Тапсырысыңыз дайын болғанша сіздің сұрауыңыз бойынша ән айтып береді немесе қызықты әңгімесімен көңіліңізді көтереді. Бір жақсысы, ешуақытқа ашуланбайды, дауыс көтермейді. Бір өзі дәмханадағы 2-3 адамның жұмысын атқарады.

Биылғы форумды Ресей билігі «Жаңа әлемдегі жаңа мүмкіндіктер» деп атап отыр.  Жергілікті сарапшылар: «Елде түбегейлі өзгерістер кезеңі жүріп жатыр», – деді.  Сондықтан қазір ресейлік бизнес қайта құрылымдаудан өтуі тиіс деп санайды. Сол үшін Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы  Азия, Африка, Латын Америкасы, Таяу Шығыс елдерінің 13 мыңдай өкілін жинап отыр. Тіпті форум алаңында ерекше көзге түскен қонақтар да болды. Жиынға Қазақстан мен әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған Талибан қозғалысының өкілдері де келіпті.

Ал форумның ең танымал инвесторы Филипп Киркоров болды. Әнші: «Елдегі дағдарыс жағдайын ескеріп, бизнеске бет бұрдым», – дейді. Құрылыс саласына қаржы құймақшы. Ленинград облысына сауда-мәдени орталығын салып берем деп отыр.

Қазақстандық тарап Петербург форумына жыл сайын қатысады. Биылғы делегацияны Қасым-Жомарт Тоқаев бастап келді. Өйткені Владимир Путин әріптесіне ақпан айында арнайы шақырту жолдаған болатын. Қазір Ресей компаниялары Қазақстанға қаржы құятын инвесторлардың алғашқы бестігінде кіреді. Форум аясында Татарстан президентімен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев  «КамАз», «Татнефть» компанияларымен бірлесе жұмыс істеуге келісті. Бұл жобалар Қазақстан аумағында жүзеге асырылады. Осылайша, еліміздің зауыттарын Ресейдікімен қатар дамытуға баса мән беріліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің биылғы Татарстанға жасаған сапарым қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға тың серпін берді. Сол жолғы уағдаластықтарымыздың нәтижесін көріп отырмын. Бәрі де бақылауда болады.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының президенті:

- Татар компанияларының қазақстандық серіктестерімен байланыс орнатуға қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Біз де Қазақстан компанияларының Ресей нарығына Татарстан арқылы кіруіне бар жағдайды жасауға тырысамыз. Қолдау көрсетуге дайынбыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев башқұртстандық бизнесмендерді де біздбен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ел басшысы Радий Хабировпен кездесіп, сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы іскерлік жобаларды дамытуға мүдделіміз. Сондықтан сіздердің компанияларыңыздың жетекшілерін Қазақстанға шақырамын. Біз барлық жағдайды жасаймыз. Бұған қызығушылық танытып отырмыз. Егер сіздердің тарапыңыздан индустриялық әлеуеті зор бірлескен жобалар ұсынылса, жұмысымыз жемісті болады деп ойлаймын.

Радий Хабиров, Башқұртстан Республикасының басшысы:

- Бұл біз үшін де өте маңызды. Қазір қол қусырып отырғанымыз жоқ. Менің Қазақстанға сапарым барысында бірқатар келісімдер жасалған болатын, соның бәрі жүзеге асырдық. Ең бастысы, өзара қарым-қатынас инфрақұрылымын жолға қойдық.

Петербург Халықаралық экономикалық форумы екіжақты жобаларды одан әрі жалғастыруға тиімді алаң саналады. Форумның пленарлық отырысында Қазақстан Президенті дағдарыс жағдайында экономиканы дамыту жайлы баяндама жасады. Сосын Владимир Путинмен екеуара кездеспекші.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов, Дулат Ентебеков