Хабар телеарнасы

ҚР Ұлттық экономика министрі халықты үнемшілдікке шақырып, ақшаларын шашпауға кеңес берді

Бірақ қымбатшылық қатты сезіліп тұр. Жылдық инфляция 14% жетсе, азық-түліктік инфляция 19% құрап отыр. «Бәріне әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы кінәлі», – дейді Үкімет мүшелері.

Украинадағы қарулы қақтығыс әлемдік экономикаға кері әсерін тигізгені сөзсіз. Салдарынан Ресейге санкциялар салынып, тауарларды тасымалдайтын логистикалық тізбектер бұзылды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазір әлемдік экономика геосаяси тәуекелдер мен тұрақты жоғары инфляция аясында жұмыс істеп келеді. Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан бізді де қыспаққа алып отыр. Жылдық инфляция мамырда 14% жетті. Ал азық-түліктік инфляция болса 19% көрсеткен екен. Бұған қарамастан бес айда ел экономикасының өсу қарқыны 4,6% құрапты. Әлемдік тұрақсыздық кезінде тұрақты өсімді қамтамасыз етуді Үкімет басшысы жауапты әкімдер мен министрлерге тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Ақмола, Қызылорда және ШҚО, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр. Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер осы жұмыс қарқынын сақтау керек. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестицияны тарту және жаңа жұмыс орындарын құруды жалғастыру керек.

Бәрімізге мәлім, Президент коммуналдық төлемдердің бағасын арттыруға жарты жылдық мораторий жариялады. Енді Ұлттық банк төрағасының пайымынша, мораторий аяқталғаннан кейін тарифтер көтерілуі мүмкін. Баға өсіп жатыр, халықтың табысы мардымсыз. Бұл жасырын емес. Осы ретте Ұлттық экономика министрі Үкіметте өсімді тежейтін тетіктер бар екендігін айтты. Бірақ қазіргі күрделі жағдайда тұрғындарды үнемшілдікке шақырып, ақшаларын ойланып жұмсауларына кеңес берді. Тағы министр қантқа байланысты қалыптасқан жағдайға да тоқталып өтті.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Егер өндірушілер өз өнімдерін шығаруды тоқтатса немесе көлемін азайтса, онда шыныменде шикізат жеткіліксіз дегенді білдіреді. Бірақ бұл – уақытша ғана болатын құбылыс. Менің ойымша, Сауда және интеграция министрлігі бұл бағытта тиісті жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан жақын күндері қант нарығымызға қайта келеді. Бұл проблема тек бізде ғана емес, көрші Өзбекстанда да бар. Біз импортқа тәуелдіміз. Сондықтан осындай жағдай қалыптасып отыр.

Айта кету керек, қант тапшылығына байланысты Шымкент және Орал қалаларындағы кондитерлік фабрикалар өз жұмыстарын тоқтатқан. Енді осы және өзге де түйіткілді проблемалардың шешу жолдары шілде айында Президенттің қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылатын секілді.

Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев