Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Юксель Йылдырым химия өнеркәсібі саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады. Түрік кәсіпкері құны 400 миллион доллар болатын Жамбыл облысындағы сода шығаратын зауыттың құрылысы мен Ақтөбе облысындағы «Восход» кен орнында хром концентратын өндіруге қатысты инвестициялық жоба туралы баяндады. Сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірінде қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі «Қазгеология» акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыстар сөз болды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиямен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтіп, компанияның еліміздегі инвестициялық жұмыстарын қолдайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қорының төрағасын қабылдады. Болат Жәмішев қордың азаматтарға көрсеткен көмегі бойынша есеп берді. Оның сөзінше, қазір Қор 10 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың сегізі – медициналық көмек көрсетуге, біреуі ­­– ауыл балалары үшін спорт саласындағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға, тағы бірі – ауылдан шыққан талапкерлер мен аз қамтылған отбасылардың студент балаларына білім гранттарын беруге бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаев Қордың мақсатты бағыттарын анықтауға қоғам мен қоғамдық институттарды белсенді түрде тарту қажет екенін еске салды.