Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрін қабылдады. Фейсал бен Фархан Әл Сауд пен Қасым-Жомарт Тоқаев саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен екі елдің қарым-қатынасы туралы талқылады. Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы, мұнай химия, туризм, тау-кен металлургиясы мен қаржы саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді. Өз кезегінде құрметті қонақ екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың дамып келе жатқанын алға тартып, сауда-экономика мен инвестиция тақырыбын терең талқылау үшін қазақстандық серіктестермен кездесуге әзір екендігін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз ортақ құндылықтарға негізделген саяси диалогты достық пен өзара сенім рухында дәйекті түрде дамыта береді. Король Салман бен Әбдел Әзизбен және Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен арадағы табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендігімізді білдіремін.

Фейсал Бен Фархан Әл Сауд, Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі:

- Сауд Арабиясы Корольдігі Сіздің басшылығыңызбен Екінші Республиканы құру ісінде және Қазақстанның одан әрі өркендеуіне бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруды жалғастыруда табыс тілейді. Жалпы екі елдің алдына қойған мақсаты көп. Бұл мемлекеттер арасындағы ынтымасқтастықты арттырып, серіктестігімізді одан ары нығайтуға жол ашады.