Хабар телеарнасы

Мәулен Әшімбаев: реформа елімізде әділеттілік қағидатын нығайту үшін жасалып отыр

Парламент бірнеше жаңа заңға өзгеріс енгізіп, қабылдайтын болады. «Amanat» партиясы жанындағы «Талқылау» диалог алаңының отырысына қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев реформа елімізде әділеттілік қағидатын нығайту үшін жасалып отырғанын айтты. Жыл соңына дейін бірқатар заңнама заман ағымына сай толықтырылмақ. «Референдум 2022: Жаңа Қазақстанның Конституциясы» тақырыбында өткен жиында елдегі жаңа саяси өзгерістер кеңінен талқыланды. Елде жасалып жатқан әрбір іс-қимылдың ашық әрі жариялы түрде жүргізілуі – қоғаммен санасудың дәлелі. «Сол себепті референдумда әр қазақстандық өз қалауын білдіру арқылы елдің жаңа бағдарын айқындайды», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Осы референдумға шығарылып отырған конституциялық өзгерістер, реформалар мұның барлығы жаңа Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған қадамдар екенін бәріміз білеміз. Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен әділетті Қазақстан. Әділетті Қазақстан біріншіден – заңның үстемдігі, екіншіден – баршаға барлық азаматтарға бірдей тең мүмкіндіктерді беру дегенді білдіреді.