Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Түркия президенттері стратегиялық серіктестік туралы мәлімдемеге қол қояды

Бұған қос ел президентінің Анкарадағы кездесуінде қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары басталды.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Қазақстан мен Түркияның арасында үш сағаттай уақыт айырмашылығы бар. Қазір мұнда енді ғана түс ауып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде күтіп алу рәсімі жаңа ғана басталды. Анкарадағы Эсенбоға әуежайында Мемлекет басшысын елдің вице-президенті Фуат Октай күтіп алған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік сапарын Ататүріктің рухына тағзым етуден бастады. Анкараның қақ ортасында орналасқан Анытқабірге келіп гүл шоқтарын қойды.

Анытқабір – барша түріктердің қастер тұтар орны. Мұнда Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің сүйегі жатыр.

Мемлекеттік сапар әдеттегідей халықаралық хаттамаға сай өтеді. Қазір салтанатты шарадан соң президенттер екеуара, сосын кеңейтілген құрамда кездеседі. Бір байқағанымыз, бұл кездесуді жергілікті ақпарат құралдары, жалпы әлем назарда ұстап отыр. Өйткені бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент лауазымына кріскеннен бергі Түркияға жасаған ең алғашқы мемлекеттік сапары.

Әрине, бұған дейін күздігүні біздің Президент жұмыс сапармен Стамбұлға келіп кеткен болатын. Одан кейін де Ердоғанмен екеуі бірнеше рет телефон арқылы сөйлесті. Бір-біріне жиі жеделхат жолдап отырады. Бұдан бөлек онлайн жиындарда да жиі пікірлесіп тұрады. Бірақ бетпе-бет жүздесудің жөні бөлек.

Оның үстіне мемлекеттік сапар болғаннан соң бірнеше құжатқа қол қойылатыны анық. Біздің қолымызда құжаттардың тізімі бар. Олар бұқаралық ақпарат құралдары, экология, жүк тасымалына қатысты келісімдер. Сондай-ақ осы сапар кезінде цифрландыру саласына да қатысты меморандумға қол қойылмақшы. Екі ел арасында бұған дейін мұндай келісімнің болмағанын айта кету керек.

Мұстафа Варанк, Түркия Республикасы Өндіріс және технология министрі:

-  Қазақстанның технопарктері арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылады. Мамандарымыз тәжірибе алмасады. Әсіресе IT, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз.

Екі президент кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге де қол қояды. Соңынан журналистерге сұхбат береді. Ол туралы толығырақ алдағы жаңалықтарымызда айтамыз.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев