Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазіргідей әлемдік геостратегиялық шиеленіс жағдайында Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттырудың маңыздылығын айта келе, өзінің тапсырмасы бойынша жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы, операциялық жасақтар құрылғанын айтты.

Президенттің пікірінше, Қазақстан алдағы уақытта Қарулы күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етуге баса мән беріп, ұрыс қимылдарында тиімділігін дәлелдеген қару үлгілерін сатып алады және оны отандық кәсіпорындарда шығара бастайды.

Мемлекет басшысы әскери білім беру саласына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарта береді, баспана береді, түрлі жеңілдік ұсынып, лайықты жалақы төлейді.

Президент сөзінің соңында, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, мерекелік концертті тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыдан 30 жыл бұрын Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. Бұл мемлекетімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Біз егемендік алған кезде әскери әлеуеті мықты армия жасақтауға баса мән бердік. Отаншыл, кәсіби мамандардың арқасында бұл міндетті ойдғыдай атқардық. Қорғаныс саласындағы негізгі мәселелер дер кезінде шешімін тапты.