Хабар телеарнасы

Ата Заңға енгізілетін өзгерістер халықпен ақылдасып шешіледі

Елімізде ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі Конституцияға қатысты өткізілген. Бұл жолы әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік берілмек. Президент: «Бұл бастама «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы бағытымызды нығайтады», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясы өтті. Жиынның тақырыбы да өзекті. «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» деп аталады. Бірақ Президент: «Бұл жаңару әсіре қызыл сөзге емес, нақтылыққа құрылуы керек», - деді.

Біздің елде кейде саяси бастамалар туралы пікірталастың көбі бос әңгімеге, мақтау мен мадаққа ұласып жататыны бар. Сосын соңы сиырқұйымшақтанып, ақырында халыққа қызықсыз дүниеге айналып шыға келеді. Содан да шығар Тоқаевтың бірден «Жаңа Қазақстан» түсінігін бұрмаламауға шақырғаны. «Бұл бастама мың құбылған мына заманда жалпыұлттық бірлігімізді нығайтудың негізі болады», - деді.

Ол үшін, әрине, жеке құндылықтан бастап қоғамдық құндылықтарды қайта пішімдеу қажет болады. Ұлттың дамуына кедергі келтіретін мына нәрселерден де арылу маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет. Заңдар догма емес, ол азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үшін жетілдіріліп отыруға тиіс. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады.

«Жаңа Қазақстанның» бұлжымас тағы бір ұстанымы – ішкі татулықты сақтай білу. Бір-біріне қырын қарап, ішкі тұтастығына сызат түскен  елдерге маңайда мысал көп. Сондықтан Президент: «Елде тұратын барлық этнос өкілі өздерін Қазақстанмен байланыстыруы өте қажет», - деді. Сондай-ақ еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидатын басшылыққа алуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуіне себеп болмауы керек. Бірақ мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Алайда олар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізуіне кедергі бола алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ және біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды.

Президент Ассамблеяның бірлікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сосын қоғамдық институттың қызметін қамтамасыз ететін үш негізгі нәрсені атады. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыруда Ассамблеясының рөлін арттыру, сосын ақпараттық жұмыстар мен құқық қорғау қызметін күшейту. Ал «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермек емес.

Дихан Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:

- Әлемдік парасат өресінде ұлт пен мемлекет бір ұғымда.  Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт – біздің бүгінгі жолымыз. Осыдан 100 жыл бұрын Әлихан Бөкейханов ауылдың азаматына барып Лев Толстой туралы айтып береді. Сонда олар: «Қандай терең адам, иманды адам», - деп жауап береді. Міне, бірлігіміз осындай парасатты ғұламалар арқылы тереңдей бермек.

Зүлфия Набиулина, «Ақтөбе облысы ассамблея жастары» ұйымының жетекшісі:

- «Жаңа Қазақстанды» салу жолында ұлттардың саны мен көпшілігі маңызды емес. Сол ұлттардың бір шаңырақ астындағы бірлігі, татулығы маңызды. Себебі қазіргі таңда әлемдік аренада болып жатқан оқиғаларды көргенде, кішкентай балалардың шырылдап, ата-анасыз қалғанын, атылған оқтарды көргенде, біз еліміздегі бейбітшілікті сақтап, соған шүкіршілік етуіміз керек.

Келер айда елімізде жаңа диалог алаңы пайда болмақшы. Ұлттық құрылтай құрылады. Алғашқы отырысы мамыр айына жоспарланып отыр. Бұл жиында елді дамытудың ең өзекті мәселелерін талқыланады. Ал Ассамблеяға Ұлттық құрылтаймен тізе қосып, тиімді жұмыс істеу тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс саласының өкілдері кіреді. Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі, түптеп келгенде, екеуінің мақсаты ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал.

Қазір қоғамның барлық саласына батыл өзгеріс керек. Ол үшін арнайы жұмыс тобы Ата заңның 33 бабына түзетулер дайындады. Бұл бүкіл Конституцияның үштен бірі. Алайда Президенті аталған өзгерістерді қабылдау қабылдамауды халықтың еншісіне қалдырмақшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады.

Қазақ жерінде тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік санатына қарап кемсітуге жол жоқ.  Президент: «Өзіміз, өзгелер» деп жік жікке бөлінуді түбірімен жою керек», - деді.  Ортақ құндылыққа ұмтылғанда ғана Екінші Республиканы құра аламыз.

Авторы: Шынар Асанқызы