Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: Мемлекет басшысының ешбір партияға басымдық бермегені жөн

Алайда Amanat жұмысын жалғастыра береді. Президентсіз қалғанымен, тұтас бір партиямен толықты. Елордада өткен кезектен тыс съезде партияның қатарына Adal келіп қосылды. «Amanat» партиясының жаңа төрағасы кім? Ал «Adal» партиясының ұстанымы өзгере ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясын тура 3 ай тізгіндеді. 28 қаңтарда өткен ол кездегі Nur Otan съезінде Нұрсұлтан Назарбаев оған партияның төрағалығын тапсырған еді. Сол күні-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев партияның қатарынан жыл соңына дейін шығатынын айтқан. 90 күндік төрағалығында Мемлекет басшысы партияның атауын «Amanat» деп өзгертіп үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бұған дейін партия төрағасы лауамызымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар.

Президентсіз қалғанымен, партия төрағасыз болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға Ерлан Қошановты ұсынды. «Жұмысты жалғастыруға оның ерік-жігері мен білімі жетеді» деген Президенттің сенім сөзінен соң, бұл кандидатураны барлық делегат бірауыздан қолдады.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Осынау тарихи кезеңде партияның жетекшілігін маған сеніп тапсырғаныңыз үшін өзіңізге және осы шешімді қолдаған партиядағы әріптестеріме зор алғысымды білдіремін. Мен бұл шешімді үлкен сын әрі үлкен жауапкершілік, аманат деп түсінемін. «Amanat» партиясы – қоғамның тірегі. Қасым-Жомарт Кемелұлы және әріптестерім, сіздерге рақмет! Бізді көп сынақ пен үлкен науқан күтіп түр. Еліміз бен Президентіміздің бізге артқан сенімі мен аманатын абыроймен атқарайық!

Билік партиясы тұтас бір партиямен толықты. Осылайша, Amanat пен Adal бірікті. «Adal» партиясы Қазақстанның саяси картасына 2013 жылы «Бірлік» партиясы болып келді. Ренбрендинг жасап, атауы жаңаланған бұл партия өткен жылы парламенттік сайлауға қатысып, 3,57% дауыс жинап, Мәжіліске өтпей қалған. 

Эльдар Жұмағазиев, «Adal» партиясының хатшысы:

- Партиямызда 300 мың адам бар. Бұл – үлкен саяси күш. Екі партияның бағдарламасы ұқсас. Барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Қосылуымыздың бір себебі – «Adal» партиясының әлеуетінің төмендігі. Көп әкімшілік мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ идеямыз өте көп. Менің ойымша, бұл бірігуден халық ұтпаса, ұтылмайды.

Партия атқарушы билікті жақтамауы тиіс, оған жалтақтамауы да керек. Сонда ғана оған халық сенеді, беделі артады. Президенттің пайымы осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. Amanat еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар саяси ұйым болып қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді.

Ал сарапшылар не дейді? Президент кеткен соң, билік партиясы әлсірей ме әлде керісінше күшейе түсе ме?

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

- Amanat партиясы әлсірейді деген пікрі қате. Ол партияға мүше болып қалған беделді, мықты, кәсіпкер азаматтар бар. Әкімі бар, мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің басшысы бар. Енді партиялар теңеседі деген дұрыс. Президент жоғары, қалғандары бір деңгейде. Президент осыны жоспарлады және істеді деп ойлаймын. Бәсеке енді қыза түседі.

Сонымен саясаттанушы Самат Нұртазаның айтуынша, бұл көктем Қазақстанның саяси сахнасына жаңа леп әкеледі.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев