Хабар телеарнасы

Президент құзырлы органдарға Жамбыл облысындағы әскери қалашықта көз жұмған жауынгердің қазасын тексеруді тапсырды

Президенттің пікірінше, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізу және шынайы себебін анықтау тапсырылды.

Көз жұмған сарбаздың денесінен ешқандай жарақаттың ізі анықталмады. Сот-медициналық сараптама нәтижесімен бөліскен Қарулы Күштердің Бас штабы бастығының орынбасары осылай деді. Серік Боранбаевтың сөзінше, жауынгердің қаза болу себебін анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, барлық мәлімет бүкпесіз жарияланады.

Серік Борамбаев, ҚР Қарулы Күштері бас штабы бастығының орынбасары:

- Қатардағы жуынгер Қалбайдың қаза болуына себепкер болған мән жағдайларды қоғамның білуі қажет. Арнайы құрылған жедел тергеу тобымен қылымыстық істің аумағында болжамды барлық орын алған жағдайлар толығымен қарастырылады. Бұл жағдайды тексеріп, егер анықталса, кінәлілерді тауып, жауапкершілікке тарту біз үшін абырой болар еді. Егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталатын болса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлерде жауапкершілікке тартылатынын атап өтемін.