Хабар телеарнасы

Президент Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

Атап айтқанда, қаладағы маңызды архитектуралық ескерткіштердің бірі – Оқушылар сарайына барып, кішкентай алматылықтармен тілдесті. Президент балаларға мобильді құрылғы арқылы басқарылатын соңғы үлгідегі оқу телескопы мен Оқушылар сарайына автобус сыйлады.

Сондай-ақ Президент Алматыдағы жаңа Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлермен де кездесті.

Өз қаласының тарихымен мақтанбайтын алматылық аз. Себебі мұндағы әрбір ғимараттың келешегімен бірге, кешегісі де бар. Соның бірі – оқушылар сарайы. Едені – мәрмәр, шамы –  мыс. Қаланғанына 40 жыл толса да, қаланың кішкентай тұрғындары үшін қалтқысыз қызмет етіп тұр. Араға осынша жыл салып бұл ғимарат жаңарды, жаңғырды. Заманға сай сайланған сарайды Президент арнайы барып көрді. 

Анимация, 3D принтинг, IT үйірмелер. Заман талабы осы. Мысалы, мына жерде Жанғали Әбдіпатта оқушыларға анимацияға үйретеді.

Жанғали Әбдіпатта, үйірме жетекшісі:

- Камера мен дыбыс жазатын микрофон арқылы өздері түсіреді, монтаждайды және дыбыстайды. Толықметражды мультфильм түсіріп шығарады.

Жаңа үйірмелер ашылғалы енді мұнда 7 мың емес, он мың алматылық оқушы келетін болды. Солардың бірі – 11 жасар Әлихан Бауыржанұлы. Бұйырса, өскенде қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаровтың ізін жалғаймын деп отыр.

Әлихан Бауыржанұлы, оқушы:

- Шет елдің анимациясын көп қараймын. Мысалы, Netflix деген компанияның анимациялары маған ұнайды. Бұл жерге өзімнің фантазияммен солардың жетістігіне жетем деген оймен келіп отырмын.

Мемлекет басшысы оқушыларға құр қол келмеді. Балаларға мобильді құрылғы арқылы басқарылатын соңғы үлгідегі оқу телескопы мен Оқушылар сарайына автобус сыйлады. Осылайша, мемлекет ынталы жастарды қолдауға әркез дайын екенін білдірді.

Президент сапары барысында Алматыдағы жаңа Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Қазір елде 200 мың қазақстандық үстел теннисімен шұғылданады деген статистика бар. Бұл аз ба, көп пе, бірақ соңғы уақытта теннис трендке айналды. Айтпақшы, дәл осы Алматыда оқып жүргенде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл спорт түрінен спорт шеберіне үміткер атанған еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде мыңнан астам бизнес бүлінді. Орта бизнес опық жеп, шағыны шығынға батты. Солардың бірі – Серік Қадыров. Әтір сататын екі нүктесі бұзылды, талап әкеткен, сындырған. Шығын – 3 млн теңге.

Серік Қадыров, кәсіпкер:

- Қаңтар оқиғасы кезінде сауда орындары 99% зардап шекті, бәрі тоналды, қиратылды. Бүгінде барлығы толықтай жұмыс істеп тұр, шығынды 100% қайтарып алдық. Тез арада берілетініне сенбедім. Бірақ 29 қаңтар күні құжаттарымды сайтқа енгіздім, 9 ақпан күні ақшамды толықтай алдым. Үкімет қиындықпен жеке қалдырмай, көмегін көрсетті.

«Көмек үзілмейді, шағын және орта бизнеске қолдау жалғаса береді», - деді Президент алматылық кәсіпкерлермен кездесу барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шағын және орта бизнес – біз үшін приоритет. Қолымыздан келгенше көмек бердік. Шығын өтеледі.

Алматылық бизнестен 1 мыңнан астам өтініш келіп түсіпті. Жалпы 6 млрд теңгеден астам көмек берілді. Жақында 20 миллиард теңге болатын тағы 170-ке жуық өтініш қаралады.

Авторы: Гүлжан Марқабаева