Хабар телеарнасы

К. Мәсімов ісіндегі тың деректер: елімізге Гонконгтен 2 миллион АҚШ доллары қайтарылды

Кезінде Кәрім Мәсімов бұл қаражатты құпия келісімшарт негізінде шет мемлекет өкілдерінен пара ретінде алған. Ол кезде шенеунік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Қазір оны мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу күдігі бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Тергеу барысында Мәсімовтің бір емес, бірнеше сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеті әшкереленді. Атап айтсақ, жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік субъектілерден мәдени мұра саналатын бағалы сыйлықтар мен қомақты қаржыны алу фактілері анықталды. Құны 2,5 миллиард теңге тұратын элиталық тұрғын үй, бизнес-класс санатындағы 11 автокөлік пен 17 млн АҚШ доллары тәркіленді. Ал оның жақындары қамауға алынып, олардан 5 миллион доллар қайтарылған. Қазір олар шетелге шығарған қаржыны толық қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, оған тиесілі елордадағы екі элиталық пәтер, Алматыдағы 2 баспана мен зәулім үй, Щучинск – Бурабай курорттық аймағындағы 1 гектар жер учаскесі сынды мүлкі бұғатталды.