Хабар телеарнасы

Еліміздің Біріккен ұлттар ұйымына мүше болғанына 30 жыл

Бұны еліміз өзінің 30 жылдық тарихында сөзбен емес, іспен дәлелдеген. Біз алғашқылардың бірі болып өзгелерге адамзатты жоя алатын қарусыз-ақ өмір сүруге болатындығын көрсеттік. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп, Сирия, Ауғанстан елдеріндегі дағдарысты шешуге әлем назарын аударттық.

Тарихи құнды кадрлар. БҰҰ-ның мінберінен егеменді ел - Қазақстанның Тұңғыш Президентіне алғаш рет сөз берілген кез. Содан бері 30 жыл зу етіп өте шықты. Бүгінде бұл халықаралық ұйымға әлемнің 193 мемлекеті мүшелік етеді. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Қазір елімізде БҰҰ-ның 27  агенттігі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Былтыр тәліптер Ауғанстанды басып алған кезде ұйымның уақытша кеңсесі Алматыға жайғастырылған болатын. Еліміздің бұл көмегі үшін бүгін ұйым өкілдері ерекше ризашылығын білдірді.

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Тәліптер Ауғанстанды басып алған кезде біз өз кеңселерімізді Алматыда жайғастырдық. Қазақстан тарапынан үлкен көмек болды. Біз Алматыда отырып, ауған халқына гуманитарлық және өзге де көмек түрлерін көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Осылайша, біздің қызметкерлер де өз қауіпсіздігіне алаңдамай, тұрақты түрде жұмыстарын атқара алды.

Айта кету керек, еліміз 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен. Бұл аса маңызды әрі жауапты миссияны Қазақстан абыроймен өтеп шықты. Осы аралықта Ауған жеріндегі дағдарысты шешуде үлкен іс атқарды. Атап айтқанда, ұйым өкілдерін соғыс оты өршіп тұрған аймаққа апарып, қарапайым халық қандай көмекке мұқтаж екендігін көрсетті.

Бауыржан Керімқұлов, ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары:
- Қауіпсіздік кеңесінде 7 негізгі бағытты көтердік. Соның ішінде Орталық Азияның тұрақтылығы. Өйткені біздің аймағымыздан бірінші мемлекет ретінде сайландық. Екінші біздің негізгі бағыттар ретінде мен Ауғанстанды атап өтемін. Сол соңғы 10 жыл ішінде 2018 жылы қаңтар айында біздің ҚК төрағасы ретінде біз ҚК мүшелерін Ауғанстанға сапарын ұйымдастырдық.

Қазақстан бейбітшілік сүйетін мемлекет. БҰҰ-ның мүшесі ретінде бұны сөзбен емес, іспен дәлелдеп те тастаған. Ал осы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру жөніндегі бастаманы көтеріп, әлем елдерін бейбітшілікке шақыратын үндеу тастады.

Авторлары: Риат Шони, Айдынбек Нұрғалиев