Хабар телеарнасы

БҰҰ-ға мүше болған жылдары Қазақстан қандай бастамалар көтерді?

Себебі 1992 жылдың дәл осы күні еліміз БҰҰ-ның қатарына қосылды. Қазақстанды ұйымға қабылдау туралы резолюция сол жылдың қаңтар айында Қауіпсіздік Кеңестің мәжілісінде көтеріліп, артынша ұйымның рәсім ережесіне сай Бас Ассамблеяға жолданып қолдау тапты. Осылайша, «Қазақстан Республикасын БҰҰ-на мүшелікке қабылдау туралы» шешім шығып, еліміз ресми түрде ұйымның 168-ші мүшесі болып тіркелді.

Наталья Герман, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

- Қазақстан БҰҰ-дағы алғашқы жылдан-ақ сенімді серіктеске айналды. БҰҰ оны өте жоғары бағалайды. Қазақстан БҰҰ-ның алаңын тиімді пайдалана алатын, келіссөздер жүргізе алатын және түрлі бастамаларды жүзеге асыра алатын мемлекет ретінде танылды.

Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы бастамаларының бірі ядролық қарудан бас тарту болды. Содан бері еліміз халықаралық аренада антиядролық қозғалысты ілгерілету идеясын насихаттауды тоқтататқан емес. Себебі 30 жыл бұрын көтерілген мәселе әлі де өзекті. 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен «Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні» қабылданып, дәстүрге айналған шара жыл сайын БҰҰ қабырғасында атап өтіледі.

Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, қарусыздандыру мәселелері жөніндегі жоғары өкілі:

- Қазақстан өз уақытында әлем бойынша 4-ші ядролық арсеналдың иесі болып еді. Бірақ сіздер одан бас тарту арқылы өзге мемлекеттерге үлгі көрсеттіңіздер. Семейдегі ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдадыңыздар. Осылайша, әлемді ядролық қарусыздандыру идеясының көшбасшысына айналдыңыздар.

Талғат Алманов, тілші:

- Қазақстанның халықаралық деңгейде, әсіресе Орталық Азия өңіріндегі бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі айырықша. Мақсаты анық, бағыты айқын Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара іс-қимылына ұйымның басшылығы да тиісті баға беріп отыр.

Мәселен, Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше елдерінің құрамына кіруі кеңестің жұмысына ерекше серпіліс берді.

Владимир Воронков, БҰҰ Контртеррористік басқарма басшысы - Бас хатшының орынбасары:

- Қазіргі таңда ұйымға мүше мемлекеттер «Терроризмнен азат әлем құруға қол жеткізу туралы кодекспен» танысып, сараптама жүргізіп жатыр. Ал бұл идея Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесте болған кезінде көтерген бастамасы еді. Аталмыш құжатқа қазіргі таңда 80 жуық мемлекет қол қойды. Қазақстанның жаһандық түйткілді мәселелерді шешуге үлкен үлес қосып жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Сонымен қатар Қазақстан антитеррорлық барлық 19 халықаралық құжатты ратификациялады.

Әлем Қазақстанның терроризммен ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейдегі тиімді күресу механизміне куә. Бұған әсіресе еліміздің «Жусан» операциясы дәлел. Сонымен қатар репатриация, яғни түрлі себептерге байланысты өзге мемлекеттердің аумағында қалған азаматтарын елге қайтару жұмыстары да тиімді қолға алынғаны белгілі.

Мағжан Ілиясов, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Осы уақыт аралығында біз тек өзіміздің ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағының мүддесін таныстырдық. Алдағы уақытта жасыл экономика, гендерлік теңдік мәселелері және жастардың әлеметтік дамуға қатысуы туралы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.

Қазақстан мен БҰҰ-ның нәтижелі әріптестігі алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа деңгейге көтеріледі деп күтіледі. Себебі жаһандық қауымдастықты алаңдатқан түйткілді мәселелерді шешуде қос тараптың ұстанымы мен көзқарасы бір.

Авторы: Талғат Алманов