Хабар телеарнасы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қаңтар оқиғасына қатысты көптеген сауалға жауап берді

Оның таяуда аяқтала қоюы да екіталай. Себебі терактқа қатысқан адамдардың саны тым көп. Жақында сайланған Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов пленарлық отырыстан соң алғаш рет журналистердің алдына шығып, қаңтар оқиғасына қатысты көптеген сауалдарға жауап берді. Елдегі қазіргі саяси ахуал,  Украинадағы соғыс тақырыбы да қаузалды.

Қаралы қаңтар әр қазақстандықтың жүрегіне үрей ұялатқаны хақ. Сол алмағайып кез де ендігі артта қалғанымен, салдары мен сызаты кете қойған жоқ. Бір ай бұрын ғана Мәжіліс төрағасы болып сайланған Ерлан Қошанов Президенттің ескертусіз оқ ату бұйрығына қатысты өз ойымен бөлісті. Қошанов мырза қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде де бұл шешімді толық қолдайды. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Өйткені бұл террористтік шабуыл болды. Антитеррористтік операцияны мен қолдадым, неге біз қолдамауымыз керек, сол кезде мемлекеттің тағдыры қыл үстінде тұрғанда бүкіл Қазақстан куә болдыңыздар ғой. Президенттің қауіпсіздік кеңесінің шешімі болмаған кезде жағдай басқаша болатын еді, біз осылай бір-бірімізге сұрақ қойып тұрмас едік, қорқыныш пен үрейде өмір сүруіміз мүмкін еді, мен мұны қызу ортасында жүрген биліктің өкілі ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде барлық жауапкершілікпен айтып тұрмын.

Елімізде бейбіт митингімен басталып, бүлікпен аяқталып, елді есеңгіреткен ереуілдерден кейін қамауға алынғандарды азаптау фактілеріне қатысты 178 қылмыстық іс қаралуда. Мәжіліс спикерінің айтуынша, депутаттардың бір тобы Алматы, Тараз, Талдықорған қалаларына арнайы барып, ұсталған азаматтармен, олардың ата-анасы, жақын-жуығымен, қорғаушылармен кездесті. Халық қалаулылары тиісті органдарға ұсыныстар жолдаған. Қаңтар оқиғасы туралы тергеу неге ұзаққа созылды? Спикер норвегиялық лаңкес Брейвиктің 77 адамды өлтіргені туралы бұлтартпас дәлел бола тұра, тергеу 1 жарым жылға созылғанын мысалға келтірді. Ал бұл жерде мыңдаған адам тергелуде. Төрткүл дүние көз тігіп отырған Украинадағы соғыс тақырыбы да сөз болды. Қазақстан өзара қырғиқабақ екі елге де серіктес, сол себепті тек келіссөздер алаңын ұсынып көмек қолын соза алады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Украина мен Ресей бауырлас елдер, мәдениеті, дәстүрлері ұқсас елдердің осылайша қырқысып, қақтығысып жатқаны әрине, аянышты. Ауыр жағдай. Қан төгіліп, ғимараттар қиратылып,нағыз соғыс болып жатқаны алаңдатады. Президент айтқандай, Қазақстан қажет болса, келіссөздер алаңын ұсына алады.

Журналистерге 21 минут сұхбат берген Ерлан Қошанов сондай-ақ «Аманат» партиясы туралы ойын да білдірді. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінде қоғамның сұранысы да өзгеріп отыр. Мынау теракт болғаннан кейін үлкен шабуыл мемлекетке, содан кейін қоғам дүр сілкініп отыр. Партия оған бейімделуіміз керек. Қоғам өз алдына өмір сүріп, партия өз алдына өмір сүрмейді ғой. Сондықтан да партия мүшелері осының бәрін сараптау қажет. Өткенде біздің фракция депутаттары өңірлерге де барып келді.

«Ел аманаты түзу орындалу үшін саяси адал бәсеке қажет, шыттай болып костюм киіп, кабинетте отыратындар емес, проактивті жұмыс жасайтын белсенділер керек», – дейді депутаттар.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл бәсекенің өзі «Аманат» партиясына жақсы бір мүмкіндік береді. «Аманат» партиясында жағдай іздеген, мүмкіндік іздеген адамдар емес, мен осы саясатты жүрегіммен қолдаймын. Осындай реформаны Президентпен бірге істегеміз келеді деген азаматтар келуі керек, ол азаматтар өзінің ұстанымынан қорықпауы керек, ол азаматтар өзінің саяси күреске дайын екенін дәлелдеуі керек. 

Елде дамуы кенжелеп тұрған сала көп. Қазір депутаттар: «Ең әуелі сауаттылыққа мән беріп, жұмыссыздықты азайтуға күш жұмсалса», – дейді. Осыдан ақ белгілі, Жаңа Қазақстанға жетелейтін болса, «Аманаттың» жүгі жеңіл емес.

Авторы: Индира Жылқайдарова