Хабар телеарнасы

Елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің отырысы аяқталды

Одаққа мүше мемлекеттердің премьер-министрлерін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға шақырды. «Геосаяси ахуал өршіп, саяси текетірестер күшейіп барады, ал одаққа мүше елдер дүркін-дүркін салынып жатқан санкциялардан секем алып отыр», – деді Қазақстан Президенті. Сондықтан оның ойынша, Одақ шеңберінде осы тәуекел-қатерлерді бағалап, оның кері әсерін төмендетуге бағытталған экономикалық шараларды әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің экономикалық одағымыз белгілі себептерге байланысты санкциялық қарсылықтардың салдарынан туындайтын саяси текетірестердің күшеюіне және оның елдеріміздің экономикасы мен қаржы жүйесіне кері әсеріне алаңдаушылық білдіреді. Валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түсті. Біз Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл тек басы ғана, алда өте күрделі жұмыстар тұр. Бұл жұмыстарды Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерімізбен келісе отырып жүргіземіз деп ойлаймын. Экономикалық, қаржылық және өнеркәсіптік жүйелердегі тығыз ықпалдастықты ескере отырып, тәуекел-қатерлерді бағалауға және жағдайдың кері әсерін төмендетуге бағытталған экономикалық шараларды әзірлеу үшін жұмыс тобын құру керек.