Хабар телеарнасы

«Атамекен» ҰКП кезектен тыс съезінде жаңа төралқа төрағасы сайланды

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезі өтіп, онда жаңа төралқа төрағасы сайланды. Ол – 52 жастағы бизнесмен Райымбек Баталов. Осылайша, ол Тимур Құлыбаевтың орнын басты. Келген делегаттардың 248-сі Баталовты қолдап, дауыс берді, 9-ы қарсы болды, ал 38-і дауыс беруден бас тартты. «Палатаны реформалау үшін күш-жігерімді салатыныма уәде беремін», – деді Райымбек Баталов. Сондай-ақ съезде Палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз еркімен қызметтен кетінін айтты. Бұл қызметте 8 жыл отырған ол енді ауылға барып, елдегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетпек. Кезектен тыс съезд болса да оның жұмысына Үкімет басшысы да келіп қатысты. Әлихан Смайыловтың сөзінше, үкімет бизнестің проблемасын жатқа біледі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Оларды шешу мәселесін ерекше назарда ұстайды. Отандық кәсіпкерлермен бірлесіп инвестициялық ахуалды және бизнес ортаны әрі қарай жақсартуға бағытталған шаралары іске асырылады. Бізге еліміздің экономикасын қалпына келтіру мен дамытудың драйвері болатын жобалар қажет. Қазақстандық бизнесті отандық экономикаға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын.