Хабар телеарнасы

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын таныстырды

Дегенмен, қызметтің бұл түрі жеке заңнамалық актімен реттелмеген, тіпті олардың мәртебесі де анықталмаған. Бүгін мәжіліс қабырғасында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын таныстырды. Қазіргі таңда жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудың жоқтығына қарамастан, өнім өндіру көлемін жал сайын арттырып келеді. Министрдің сөзінше, жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, азық-түліктің экономикалық қолжетімсіздігі, өсірілген өнімді әділ бағамен сату, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету сынды проблемалық мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр. Енді алдағы уақытта заң жүзінде жеке қосалқы шаруашылық ұғымын енгізіп, оған кәсіпкерлік емес қызмет түрі мәртебесі берілмек. Бұған қоса әкімдіктерге осы аталған шаруашылықтарды дамыту үшін жағдай жасауда нақты қосымша өкілеттіктер беру көзделген.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ең алдымен, бұл жер заңнамасы аясында жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету, материалдық ресурстармен жабдықтауды ұйымдастыру, өсірілген өнімді өткізу мәселелеріне қатысты. Оларға жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың проблемалық мәселелерін шешуге, олардың кооперативтері үшін қажетті өндірістік инфрақұрылым құруға құқық береміз. Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мәселелері бойынша олардың жауапкершілігін күшейтеміз, осы мәселе бойынша әкімдердің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру нормасын енгіземіз.