Хабар телеарнасы

Парламент Мәжілісіне 10 жылдай төрағалық еткен Нұрлан Нығматулин өз еркімен өкілеттілігін тоқтатты

Парламент Мәжілісіне 10 жылдай төрағалық еткен Нұрлан Нығматулин өз еркімен өкілеттілігін тоқтатты. Оның орнына Қарағанды өңірінің тумасы Ерлан Қошанов сайланды. Оның кандидатурасын пленарлық отырыс барысында депутат Ерлан Саиров ұсынды.

Жасырын дауыс беру арқылы жаңа төраға бірауыздан сайланды. Ерлан Қошанов еңбек жолын қарапайым темір шеберінен бастаған. Өзінің туған өңірі – Қарағанды облысын 2017-2019 жылдары аралығында басқарған. Білікті саясаткердің заң шығару саласында да кешенді тәжірибесі бар. Ол Парламент Сенатының депутаты болған, Үкіметтің Парламенттегі Өкілі қызметін де атқарған.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Құрметті депутаттар, біріншіден менің кандидатурамды қолдап, сенім көрсетіп, бірауыздан дауыс бергендеріңіз үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Енді өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында, әрі қарай осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент мәжілісіне жетекшілік ету – ол әрине мен оны жақсы түсінемін. Бұл  – ерекше мәртебе. Бұл – Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдындағы зор үлкен жауапкершілік және де сол зор үлкен жауапкершілік жүктейтін айрықша маңызды қызмет. Енді бәрімізге белгілі бүгін біз ел тарихының даму кезеңінің біз бір ең жауапты кезеңінде тұрмыз. Осы кезеңде Президентіміз жан-жақты және түбегейлі реформалар ұсынатынын атап өтті. Енді бұл реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету – бұл біздің барлығымыздың, әсіресе, осы мәжіліс депутаттарының ортақ міндеті.