Хабар телеарнасы

ҰҚШҰ бітімгершілік күштері Қазақстаннан толық шығарылды

армия

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлері Қазақстаннан толығымен шығарылды. Бүгін өз миссиясын сәтті аяқтаған соңғы құрам Алматы әуежайынан елдеріне аттанды. Ал еліміздің Қорғаныс министрлігі бітімгерлер алға қойған міндетті толық орындағанын атап өтті.

Айта кету керек, төтенше жағдай кезінде Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының сарбаздары стратегиялық нысандарды күзетуге жұмылдырылды. Жалпы елімізге 2 мыңнан астам әскери мен 250 техника келген болатын.

Олжас Құсайынов, ҚР ҚМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы:

 – Қазіргі уақытта ҚР аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ. ҰҚШҰ бітімгершілік контингентін кезең-кезеңімен шығару Жоғарғы бас қолбасшы белгілеген мерзімге сәйкес жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың 13 қаңтарынан бастап шығарылды.

Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерлерін шығарып салу шарасында контингент қолбасшысы Андрей Сердюков та бар. Ол Алматы әуежайынан журналистерге сұхбат беріп тұрып, бітімгерлердің кәсіби шеберлігі мен ұйымшылдығына жоғары баға берді. Әрі бітімгер сарбаздар арандатудан аулақ болды дейді.

Андрей Сердюков, бітімгершілік контингентінің қолбасшысы:

 – 19 қаңтарда бітімгершілік күштерінің соңғы бөлімшесі мен қолбасшылығы өз отанына оралады. Мен Қазақстан халқына бейбітшілік пен береке-бірлік тілеймін.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің бітімгерлері Қазақстаннан 13 қаңтардан шығарыла бастады. Ұйымға одақтас мемлекеттер құжатқа қол қойылғаннан бері алғаш рет Қазақстанға шақырылған.

Авторы: Айнұр Қуатқызы