Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті

Қазір блогосферада заңға қайшы әрекет етіп, арандатушылық тудыратындар да бар екенін меңзеді. Сондықтан заң мен тәртіп ел игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екендігін есте сақтаған абзал. Бұл азаматтардың бостандығы мен адам құқығын еш шектемейді. «Ал Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті», ­– деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. Қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды. Бұл заң ­–  шын мәнінде елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» өздерін заңнан жоғары қояды. Осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді. Осындай «белсенділердің» кесірінен интернет бұғатталады. Нәтижесінде миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді. Яғни, ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізеді. Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез келген түріне қатаң шара қолданамыз. Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек.