Хабар телеарнасы

Ә. Смайылов: сұйытылған газ өндіретін зауытқа сараптама жүргізуді жеделдету керек

Әлихан Смайылов Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын пысықтауды және Маңғыстау облысында сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ көгілдір отынды электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға ауыстыруды міндеттеді. Бұған қоса Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың кешенді жоспарларын өзектендіруді алға тартты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің міндетін атқарушы:

 - Энергетика министрлігі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, ҚазМұнайГаз компаниясымен бірлесе Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізу ісін тездетуі керек. Сұйытылған газды электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға ауыстыру тапсырылады. Энергетика министрлігі ұлттық экономика министрлігімен және бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе отырып, сұйытылған газ, бензин және дизель бағаларын 180 күн мерзімге мемлекеттік реттеуді енгізу бойынша тиісті нормативтік актіні қабылдауды тапсырамын.