Хабар телеарнасы

Президенттің 2021 жылғы реформаларына шолу: не өзгерді?

Биыл әр саладағы реформалар жалғасын тапты, тоқтаған жоқ. Өткен жылдың басында, нақтырақ айтсақ, 26 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, жылдың маңызды мақсат-міндеттерін белгілеп берген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуға тиіс. Бұл біздің қолымыздан келеді.

Халықтың игілігі дегеніміз не? Бұл – қарапайым қазақстандықтардың қарапайым қажеттіліктері. Биыл дәрігерлер мен ұстаздардың жалақысы өсті. Докторанттардың шәкіртақысы көбейді. Осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді. Соның арқасында жарты миллионнан астам адам зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданды. Биыл алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Соның нәтижесінде осындай отбасында өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Осылай айта беруге болады, бірақ көп естігеннен бір көрген артық.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

Орталықта айтылған реформалар ауылдарға жетсе, оның игілігін қарапайым қазақстандықтар көрсе ғана оны сәтті орындалған реформа деп айтуға болады. Біз Нұресіл ауылына келдік. Осы елді мекенде Абзал Алматұлы тұрады. Жас дәрігер. Абзалдың өмірі биыл қалай өзгерді? Ол сол орталықта айтылған сөздерді іс жүзінде сезінді ме? Осыны білмекке біз арнайы кездесуге, тілдесуге келдік.

Абзал Байырбек, дәрігер:

- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2018 жылы осы Целиноград аудандық емханаға аға дәрігер болып жұмысқа орналастым. Жұмысқа тұрған кезде айлығым 90 мың теңге болған. Ал қазір айлық көтерілді, 230-250 теңге көлемінде. Мемлекетке алғысымды айтамын. Бұл ауылда қазіргі таңда 4 мыңға жуық халық бар. Бізге тіркелгені 3 мыңға жуық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бізге мемлекеттен көмек беріледі. Яғни сол арқылы үйлі болдым. Әзірге бойдақпын. Құдай қаласа, амандық болса, бәрі болады деп ойлаймын.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану. Үй алу, денсаулығын түзеу. Президенттің дәл осы жарлығының қызығын көргендер көп. Мысалы, мен өз жинағымды көзімнің көру қабілетін, яғни лазерлік операция жасау үшін пайдаландым. Ал біздің келесі кейіпкеріміз Күнсая баспаналы болды. Шашуымызды алып, жаңа қонысқа келдік.

Күнсая Құрмет, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Әзірше жиһаз жоқ, бәрін ақырындап жинап жатырмын. «Зейнетақы қорындағы ақшаны қолдануға болады», - дегенді алғаш естігенде өзім де таңғалдым. Одан кейін шотымда қанша ақша бар екенін тексердім. «Отбасы банкіне» барып 50/50 ақшаны салып, бір бөлмелі үй алдым. Оған дейін мен үй жалдап тұрдым. Пәтерге 150 мың теңге төледім. Бұл – жастарға тамаша мүмкіндік. Себебі елордада үй алу қымбат. Біраз ақша жинау үшін уақыт керек. Қаражат жинауда кейде өзіңді шектейсің. Не оқуға бара алмайсың, не шетел көре алмайсың. Қалаған заттарыңды ала алмайсың. Өйткені саған ақша жинау керек. Енді қазір бұл мүмкіндікті қолданғаннан кейін менің жер көретін уақытым бар, ел көруге уақытым бар, оқуға да түсуім мүмкін деп ойлаймын. Жаңа жылда өз үйімде «Өз үйім – өлең төсегім» деп қарсы аламын.  

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын Абайдың ақылын бәріміз білеміз. Мемлекет: «Ғылымға бет бұр, ден қой», - деп жатыр. Стипендияны өсірді. Біз Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің зертханасына келдік. Бұл жерде болашақ ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тілекбол Сұнғатұлы күтіп отыр.

Тілекбол Шарапатов, докторант:

- 2020 жылы докторантураға оқуға түстім. Менің тақырыбым жылқы шаруашылығымен байланысты. Дәлірек айтсақ, жылқы шаруашылығының сүт өнімдерін жоғарылату. Негізгі мақсатымыз – қазақтың жабы типті жылқысын «Нова алтай» жылқы тұқымымен будандастыру арқылы сауын сүт мөлшерін көбейту. Будандастыру арқылы біз ет өнімділігін де жоғарылатамыз. Егер 2,5 жылдық тай 420-460 кг болса қандай жақсы? 2020 жылға дейін докторанттардың стипендиясы 100 мың теңге болды. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап 50 мың теңге қосылды, 150 мың теңге алдық. 2021 жылы қыркүйек айында тағы 15% қосылды, қазіргі таңда 172 500 теңге аламыз. Президенттің жолдауы бойынша 2025 жылға дейін докторанттардың стипендиясы 15% өсіп тұрады, бұл – үлкен көмек. Себебі отбасымда төрт адам бар: өзім, әйелім, екі балам. Алаңсыз ғылыми жұмыстарды жүргізуге де жақсы.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

Үш кейіпкер. Үш тағдыр. Қарапайым қазақстандықтар. Көрсеттік, ой қорыту сізден. Әрине, елдің астанасында айтылған ірі сөздер жер-жерге іркіліссіз жетіп, қаз-қалпында орындала қалса нағыз ғажайып сонда болар еді. Бірақ... Жә, санаулы сағаттардан соң Жаңа жыл. Жақсылығымен келсін!

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Гүлнәр Амренова, Серік Қоңырбаев, Әлібек Әлиев, Дәурен Жұрхабаев