Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев бірқатар қабылдау өткізді

Кездесу барысында Президентке биылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары, коронавирус пандемиясының отандық бизнеске тигізген әсері туралы баяндалды. Рустам Жүрсіновтің айтуынша, осы жылы бизнес-омбудсменнің кеңсесіне 3912 өтініш түскен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 15%-ке аз. 1463 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Негізінен сатып алуларға, жерге, салықтарға, құрылысқа қатысты мәселе жиі көтерілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «басынан бастап» реттеу тетігін енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Жаңа реттеу саясатының базалық тәсілдерін белгілейтін тиісті заң жобасы Парламент Сенатының қарауында жатыр. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін бизнеске қатысты міндетті бұрынғы талаптардың бәрі тексеріледі. Аталған шаралардың түпкі мақсаты – мемлекет пен бизнес арасындағы қатынастарды толықтай цифрландыру.

Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл жұмысының қорытындыларын оң бағалап, бизнеске қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың көбею себептерін анықтау және оларды жою үшін шаралар әзірлеу жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының биылғы атқарған қызметінің негізгі өндірістік көрсеткіштері мен қаржылық қорытындылары туралы есеп берілді. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қордың биылғы табысы 10,5 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 22% жоғары. Бұған мұнай бағасының көтерілуі, жүк тасымалы мен транзит көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ электр қуатын өндіру және тарату көрсеткіштерінің артуы негізгі фактор болды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды қаржыландыруға қатысты тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, газбен және сумен қамту, көлік және энергетика салаларындағы 11 басым жобаның іске асырылу барысы туралы баяндалды. Қорды басқару кеңесі жобаларды мақұлдап, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына енгізді.