Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаевтың атына ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде

Ресей Президенті Владимир Путин өзінің жеделхатында Мемлекет басшысын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстанның түрлі салада қол жеткізген табыстарын атап өтіп, Қазақстанның әлемдік аренадағы жоғары беделіне ерекше тоқталған.

«Бірлескен күш-жігер арқылы біз достас халықтарымыздың игілігі жолында, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстарды дәйекті түрде дамытатынымызға сенімдімін», – деп жазады Владимир Путин.

«Ордалы отыз жыл ішінде Қазақстан мемлекеттің мүлдем жаңа келбетін қалыптастырды», ­– деп жазған өз құттықтау хатында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин. «Мен Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының дамуына ерекше мән беремін. Әріптестік қатынастарды екі мемлекеттің және олардың халықтарының игілігі үшін жаңа деңгейге көтеруге дайынмын» делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен АҚШ президенті Джозеф Байден де құттықтады. Ол құттықтау жеделхатында Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен арадағы түрлі ықпалдастықты ілгерілетуге ниетті екенін айтқан.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өздерінің құттықтау жеделхаттарын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер де жіберді. Сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Грузия, БАӘ, Иран, Чехия, Польша, Бразилия, Латвия, Словения және өзге де мемлекеттің басшылары ізгі тілектерін құттықтау хат арқылы жеткізген. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері де тәуелсіздік тойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.