Хабар телеарнасы

Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің жалпы ішкі өнімі 17 есе өсті

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған халықаралық конференцияда сарапшылар мен саясаткерлер осылай деді. «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» деп аталған жиында 30 жылда қол жеткізілген нәтижелердің алдын ала қорытындысы жасалды.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

- Халықаралық сарапшылар мен саясаткерлердің дәл бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын қорытындылауы бекер емес. Себебі 1991 жылдың дәл осы 10 желтоқсанында қазақ кеңестік социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы заң қабылданды. Құжатқа сәйкес жаңадан құрылған мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. Сондықтан бұл айтулы күннің ел тарихында маңызы жоғары.

Иә, 1991 жылдың ақ таңы атқанда еліміз қиын қыстау кезеңді бастан өткерді. 130 қазақстандық ірі кәсіпорын істен шығып, салдарынан елде жұмыссыздық жайлады. 2 миллион адам екі қолға бір күрек таба алмай сандалды. Тығырықтан шығу үшін еліміз алдымен экономика, содан кейін саясат деген қағиданы ұстанды. Бүгінгі жетістік – сол стратегиялық бағдардың жемісі.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылдың ішінде экономикасы мықты, қоғамы тұрақты, халқы тату, мәртебесі биік тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады. Оны одан әрі нығайту үшін Мемлекет басшысы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларымен одан әрі жалғасуда. Президентіміз, ең алдымен, әлеуметтік қолдаулар мен дағдарысқа қарсы шараларға баса назар аударды. Бұл мақсаттарға абыроймен жетеміз деп сенеміз.

Иә, еліміз тәуелсіздігін алған тұста бізге күмәнмен қарағандар көп болды. Тіпті кейбіреулер: «Бұлар ел болмай, жұтылып кетеді», - деп сәуегейлік танытқан екен. Бірақ уақыттың өзі күдікті сейілтті. «30 жылда Қазақстан өзгелермен иық тіресетін бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды», - деді Дәурен Абаев.

Егемендік алған 30 жылда халықтың табысы 10 есе артқан. Жұмыссыздық деңгейі 13%-тен 5%-ке төмендеді. Қуанарлығы, соңғы 20 жылдың ішінде халық саны 4 миллион адамға ұлғайып отыр. Тұрғын үймен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, тәуелсіздік жылдары 1,5 млн тұрғын баспана жайын жақсартқан.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ЖІӨ өсу қарқыны 3,8% деңгейіне жетті. Нақты себептер ұлттық экономиканың негізгі өсу драйвері және орнықты дамудың кепілі екені айдан анық. Халықыралық қаржы ұйымдарының Қазақстандық экономиканы орнықты деп бағалады. Әлеуметтік жетекші агенттіктер Қазақстанның пандемияға дейінгі рейтингін толықтай растады.

Иә, егемен еліміз бүгінде қуатты мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықты мойындатты. Мұны бүгінгі шараға қатысу үшін арнайы келген шетелдік саясаткерлері мен сарапшылардың санынан-ақ аңғаруға болады. Ал пандемияға байланысты елімізге жолы түспегендер бейнежолдау жіберіп, құттықтап жатты.

Олардың қатарында Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл мен БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун бар. Ал Ресей мемлекеттік думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков елордаға арнайы келді.

Александр Жуков, РФ Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары:

- Қазір Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасты. Мұны нық сеніммен айтуға болады. Ел билігі көпбағытты сыртқы саясатты ұстанып отыр. Оның артында бейбітшілікті сақтау мен тұрақты даму негіздері бар. Бұл бастамалар Қазақстаның әлемдік аренадағы беделін айшықтады.

Бүгінде әлем халқы Қазақстанның жетістігіне қызыға қарайды. Конференция барысында БАӘ келген қаламы қарымды журналистпен тілдесудің сәті түсті. Ол егеменді еліміздің даму тарихын зерттеп, жинақтаған дүниелерін кітап ретінде басып шығарған.

Абдулрахим Абдулвахид, Қазақстан Тәуелсіздігі туралы кітап авторы:

- Мен Қазақстан мемлекетінің даму жолына өте тәнті болдым. Сіздердің елдеріңіз аз уақыттың ішінде әлемді мойындатқан қауатты елге айналды. Мен араб жұртына Қазақстанды етене таныстыру үшін осындай көлемді екі еңбекті жазып шықтым.

Халықаралық шара барысында еліміздің 30 жылда жеткен жетістігі айтылып қана қоймай, алдағы даму бағыты да сөз болды. Сарапшылар мен саясаткерлер өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев