Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлерін марапаттады

Ақордаға аталған байқауда жеңіске жеткен 30 талантты жас арнайы шақырылды. Байқауда 14 пен 29 жас аралығындағы дарынды өрендер ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және IT саласы бойынша жобаларын ұсынған болатын. «Үздік» деп танылғандарына Президент қаржылай сыйақы берді. Енді олар бұл қаржыны ойға алған жоспарларын жүзеге асыруға жұмсайды.

Бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі студент, енді бірі әлі мектеп қабырғасында оқиды. Бірақ бәріне ортақ бір нәрсе бар. Ол – бойындағы тас жаратын таланты. Біздің елде бұл буынға артылар үміт зор. Өйткені бұлар –тәуелсіздіктің бел баласы. Санасы азат, көзқарасы да ерекше. Жаңашылдықты сүйеді.

Әлиғазы Айдарханов, «Hi school» онлайн білім беру орталығының жетекшісі:

- Мысалы, біз Орбұлақ шайқасы туралы бейнесабақ жасадық. Бұл жерде оның жылы немесе өткен жері ғана емес сондай-ак аймақтың 3D картасы жасалды. Сол жерде қазақ және жоңғар әскерлерінің орналасуы көрсетіледі. Сол заманда қолданылған қарулардың дыбысы естіледі. Яғни оқушы сол шайқастың ішінде жүргендей сезінеді. Оның стратегиялық маңызын сезінеді.

Жас ұстаз қазіргі оқушылардың қалауын жақсы біледі. Сондықтан шәкірттерінің әлеуметтік желіге байланған әлсіз тұсын сабақ барысында тиімді пайдаланып жүр. Физика, химия,биологияны да бейнесабақтармен түсіндіреді. Ал қаршадай қыз Ақботаның ойлап тапқан мобильді қосымшасы жоғары оқу орнына түсу емтихандарына дайындайды.

Ақбота Мұса, «Bilimber» компаниясының құрылтайшысы:

- Қазіргі таңда біздің қосымшаны 140 мың оқушы қолданып жүр.Олардың 40% – шалғай ауылдарда атқратын жас түлектер. Алдағы уақытта Орталық Азия елдеріне шыққымыз келіп жүр. Бұл әлемдік нарықтағы қазақстандық айти өнім болып табылады.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты ғылым, ақпараттық технология, мәдениет, медиа және бизнес бағыттары бойынша тапсырылды. «Үздік» деп танылған 30 жастың әрқайсысына 3 млн теңгеден қаржылай сыйақы берілді. «Бұл марапат талапты ұл-қыздардың бастамаларын қолдау үшін жасалған қадам» – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл өте дұрыс. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – қазір барша адамзат үшін аса маңызды мәселе. Кең байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау – бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін. Шын мәнінде бұл еліміздің мерейтойына Тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген балалардың алды ержетіп, ел ісіне араласуда. Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Мемлекет те оларды қолдау шарасын жалғастыра береді. Арнайы тұрғын-үй бағдарламалары әзірленді. Мәдениет, ғылым мен білім саласында табысқа жеткен дарынды жастарға мемлекеттік сыйлық берілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздерге өз жобаларыңызды жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік беріліп отыр. Мемлекет жастардың талабын ұштауға барынша жағдай жасап келе жатыр. Атқарылып жатқан рефорлардың игілігін сіздер міндетті түрде көресіздер. Мен сіздерді болашақта кәсіби маман, өзі ісінің нағыз майталманы болады деп сенемін.

Президент грантын алған 30 жастың осалы жоқ. Бәрі де өз саласының кіл мықтылары. Қаржы, бизнес, демография, анимация секілді салаларға тың жаңалығын енгізгісі келеді бәрі. Ең бастысы, олардың әрбір бастамасын мемлекет қолдап отыр. Демек талантқа тосқауыл жоқ.

Авторы: Шынар Асанқызы