Хабар телеарнасы

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты көлемді мақаласы жарық көрді

Осылайша, қазақ жұрты азаттықтың 30 жылдық белесін бағындырады. «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды». Бұл – Елбасының сөзі. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Нұрсұлтан Назарбаев онда Қазақстанның тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін, қандай қиындықтардан өткенін айтып берді. «Тәуелсіздік туралы бұл толғауын Елбасы бірнеше ай бойы дайындады», – деп жазды кейін оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.

30 жыл. Адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт, ал тәуелсіз Қазақстан үшін бұл – үлкен белес. Тәуелсіздікті бағалау бар, құрметтеу ләзім. Сондай-ақ тағылым алу да керек. «Торқалы той қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім» деп бастайды Елбасы етжеңді мақаласын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы. Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік».

Бодандықтан шығар жол – кедір-бұдыр, қиын жол. Елбасы қазақ көрген қиындықты тізбектей келе, өз халқының төзімділігіне таңқалады. Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап Азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдары... «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» деп Елбасы жиі айтатын. Мұны бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс, ұмыттырмау парыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын».

КСРО-ның күйреуі, тәуелсіздікті жариялауға дайындық. Елбасы өз мақаласында бұрын-соңды айтпаған жәйттерге тоқталады. Арандатушылар да, пасық пиғылын жылы сөйлеп, іске асырғысы келетіндер де болды. Бірақ қателесуге де, ашуға бой алдыруға да болмайтын еді. «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді» деп еске алады Елбасы. Ал шекараны шегендеу ше?

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- «Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді». 

Саяси һәм экономикалық реформалар. Атомнан бас тарту. Ұлттық теңгені айналымға енгізу. Экономикалық жаңғыру, инфрақұрылымдық даму. Мұның бәрі маңызды еді. Бірақ елдің басты байлығы – адам. Елбасы осылайша, тарыдай шашылған миллионнан астам қандасты қайтару ісін қолға алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- «Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін. Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандастарымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандастарымызды шет елдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек».

Дөңгеленген дүние бір орында тұрмайды. Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. «Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс», – дейді Елбасы. Бұл ой «Мәңгілік ел» идеясымен астасып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін».

Елбасы өз мақаласын осылай деп аяқтайды. Бұл ойдың астарында ел жастарына деген үлкен үміт пен сенім жатыр. «Сондықтан Елбасының тәуелсіздік туралы бұл толғауын әсіресе жастар оқуы керек» деп есептейді Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай. Сондай-ақ ол Елбасы бұл мақаланы бірнеше ай дайындағанын айтыпты. Әрине, отыз жылдық ой-толғауды бір мақаламен қамту мүмкін емес, бірақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау – тәуелсіздіктен құнды, одан қастерлі ештеңе жоқ.

Авторы: Гүлжан Марқабаева