16:00Эфирде: Телесериал «Братство десанта»
18:00Әрі қарай: «Допрос» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қ. Тоқаев: қазақ-өзбек ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған шыңдарға көтерілді

  • Категория: Саясат
Қ. Тоқаев: қазақ-өзбек ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған шыңдарға көтерілді

Қазақстандық құрылыс компаниясы Өзбекстан астанасында өз қолтаңбасын қалдырмақшы.

Таяу арада отандық компаниямыз Ташкентке тұтас ықшамаудан тұрғызып бермекші. Өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында осындай келісімге қол қойылды. Өзбекстан біздің елмен байланысты бұрынғыдан да тереңдетуге ниетті. Мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада күтіп алды. Кездесуден кейін президенттер бірлескен мәлімдеме жасап, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы байланысты нығайтуға уағдаласты.

Өзбек басшысы елордаға ең соңғы рет 2018 жылдың шілдесінде келіп кетіп еді. Бірақ екі елдің президенттері кемі екі ай сайын телефон арқылы тілдесіп отырады. Халықаралық жиындарда да жүздесіп тұрады. Бір жарым ай бұрын Өзбекстанда Президент сайлауы өтті. 80% дауыспен билікке қайта келген Шавкат Мирзиёев сол саяси додадан бергі аралықта бірнеше елде жұмыс сапармен болып үлгерді. Бірақ мәртебесі жоғары мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастап отыр.

Президенттер алдымен Ақорданың «Шығыс» залында шағын құрамда кездесіп алды. Құрамы шағын болғанымен, ауқымды мәселенің бәрін осы топ шешеді. Соңғы кездегі күйіп тұрған саяси мәселелер мен сауданың жайы, екі ел арасын жалғайтын транзиттік көлік мәселесі де қозғалды. Жиынның түйіні – екі елдің үкіметтері жақын арада сауда көлемін 5 миллиард долларға, кейінірек 10 миллиард долларға дейін жеткізетін болып уағдаласты. Бұл –президенттердің тапсырмасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз сіздің сапарыңызға үлкен мән беріп отырмыз. Шын мәнінде алға қойып отырған мақсаттарымыз ауқымды. Үкіметтеріміз белсенді жұмыс істеу керек. Біз бірқатар келісімге қол қоямыз. Одақтас қарым-қатынас жөніндегі декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге апармақшы. Сондықтан сіздің сапарыңыз өте жемісті, сәтті боларына ешқандай күмән жоқ. Кәміл сенеміз.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ең алдымен Өзбекстанның делегациясын дәстүр бойынша жылы қабылдап жатқандарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келіп отыр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі датасы қарсаңындағы сапарымыздың мәнісі терең. Олай болуы кездейсоқтық емес, әрине. Екі халықтың да ғасырлар бойғы достығы одан әрі нығая түседі деп сенемін. Сапар алдында талай іс атқарылды. Премьер-министрлер кездесіп, форумдар өтті – бұның бәрі жемісті әріптестіктің алғышарты алды. Жыл соңына дейін сауда айналымының көлемі 4 млрд-тан асады.

Қазақ пен өзбек сан ғасырдан бері ауылы аралдас, қойы қоралас өмір сүріп келеді. Тілі де, діні де, ділі де бір. Барлық деңгейде белсенді әрі аса сенімді саяси диалог орнатылған. Үкімет деңгейіндегі жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр және парламентаралық байланыстар да нығайып келеді. Қос ел мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақтастық деңгейіне дейін көтеру жөнінде шешім қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік табысты дамып келеді. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық кеңейе түсті. Бүгінгі келіссөзде қазақ-өзбек қатынасын жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолдары айқындалды. Біз халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Осы орайда ынтымақтастығымызды жаңа одақтастық деңгейге көтеру туралы тарихи шешім қабылданғанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Бұл – біздің бауырластығымызды бекемдеп, сан қырлы ықпалдастықты нығайта түсетін маңызды қадам.

Кеңейтілген кездесуден соң президенттер 15 құжатқа қол қойды. Сүбелісі азық-түлік қауіпсіздігі, көлік құрастыру, құрылыс саласын қамтиды. Соның бірі көтерме-тарату орталықтарын салуға қатысты. Өзбекстанда салынатын мұндай орталықтардың құрылысына қазақстандық инвесторлар қаржы салуға дайын. Агроөнеркәсіп кешені ашылса, зара сауда-саттық жандана түсері сөзсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз Орталық Азия аймағын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл еуразиялық кеңістіктегі азық-түлік қауіпсіздігіне кепіл болуға мүмкіндігі бар. Өйткені біздің  агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз зор. Қазақстан ет, көкөніс және жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу жөніндегі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын. Өнеркәсіптік кооперация дамыту да маңызды.

Соңғы жылдары бірлескен өндіріс орындары қарқынды дамып келеді. Chevrolet, Hyundai көліктерін бірлесіп құрастыру табысты жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы техникалары мен жүк көлігін, қоғамдық көліктерді шығару және сату жөніндегі жобалар іске қосылды. Енді көліктен бөлек, құрылыс саласында да ауқымды жобалар жоспарда бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстандық BI Group ірі құрылыс компаниясы Ташкентте жеке ықшамауданның құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатпен 1,2 миллиард доллар  қаржы салмақ. Ал Astana-Motors компаниясы Өзбекстанда Hyundai автокөлігін өндіретін кәсіпорын ашуға дайын. Екі мемлекеттің шекарасында Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы іске қосылса, Орталық Азиядағы ірі сауда-өнеркәсіп хабына айналады. Ол екіжақты ғана емес, аймақтық көлемдегі сауданы дамытуға ықпал етеді. Осыған байланысты үкіметтерге аталған нысанды тез арада салуды тапсырамыз.

Қазақстан мен Өзбекстанның көлік дәлізі тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұл артықшылығы туризмді дамытуда зор рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдыққа арналған темір жол магистралі мемлекеттеріміздің туристік әлеуетін нығайта түседі. Ал «Дарбаза-Мақтаарал-Жызақ» темір жолы «Сарыағаш» өткізу бекетінің жұмыс жүктемесін азайтады. Ал біз бүгін «Үшқұдық-Қызылорда» темір жол желісінің құрылысы туралы мәселені жан-жақты талқылап, алдын-ала келісім жасадық.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Президенттердің кездесуінде мәдени-ағартушылық саладағы байланыс та тыс қалмады. Қазір Ташкенттен Қазақстаннның беделді оқу орнының филиалын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал Түркістандағы халықаралық университетте өзбек студенттеріне арнап Ахмет Яссауи гранттар мен стипендия тағайындалады. Ал таяу арада елордада ұлы ақын Әлішер Науаидың ескерткіші бой көтеретін болады.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Бақытбек Нұртаев

Сондай-ақ...