Хабар телеарнасы

Әлемдік сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік қырын жоғары бағалайды

Оның бітімгерлік қырын жоғары бағалайды. Расында да жаһанды жайлаған дағдарыс, экстремизм мен терроризм, алпауыт елдер арасындағы саяси текетірес, мылтықсыз майдан. Тізбелей берсең таусылмайтын осындай жағдайлар талай мемлекеттің құтын қашырды.

Ғаламдық геосаяси жағдай ушыққан мұндай сәтте Қазақстан үшін ең алдымен елдің тыныштығын сақтау ­– басты мақсат.

Бұған дейін ешкімнің қолынан келмеген істі атқарды. Көрші елдермен және өзге де сырт мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатты. Кәрі құрлықтың сақа саясаткері Нұрсұлтан Назарбаев туралы ойын осылай бастады. Рас, Тәуелсіздік алған кезде-ақ Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздік сыртқы саясаттың басты басымдығы болатынын жария етті. Ұстанымнан тайған жоқ. Содан болар, Тұңғыш Президенттің жаһандық қауіпсіздік бастамалары әлемдік саясат аренасында өзінің лайықты бағасын алды.

Тиберио Грациани, Vision & Global trends ғаламдық сараптамалар халықаралық институтының басшысы:

- Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың артықшылығы ­­– ол аз уақыт ішінде Қазақстанды халықаралық деңгейге көтеріп, әлемдік сахнадағы орнын нығайтты. Республиканы әлемге ең алдымен ядролық қаруға қарсы және бейбіт бастамаларымен паш етті. Қазақстан Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен тату-тәтті қарым-қатынас орнатты. 2019 жылдың наурыз айында президенттік билікті жемісті тапсыру процесін ерекше атап өткім келеді.

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларының ішінде ерекше атап өтуге тұрарлығы ­– антиядролық қозғалыс. Мемлекетіміз 91 жылы әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім біріншіден, Қазақстанның бейбіт саясатты ұстанатынын әлемге танытты. Екіншіден, ядролық қаруы бар Ресей, Франция, Ұлыбритания және АҚШ секілді елдердің ядролық сынақтарға мораторий жариялауына әсер етті.

Франко Фраттини, Еурокомиссияның вице-президенті (2004-2008 жж.):

- Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі халықаралық сарапшылар тобына шақырылғанда кеудемді мақтаныш кернеп, қуанған едім. Себебі мұндай мәселені көп елдің көшбасшылары сөз еткенмен, ешқандай нақты ұсыныс жасамаған еді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы ядролық қаруды тоқтатуға бағытталған тың, нақты бастама болды.

Қазақстанның жаһандық антиядролық қозғалыстағы ерекше рөлі осымен шектеліп қалмады. 2006 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Ал Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялады. Құжатта: «Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып-жоятын қару жасауға пайдалану түбегейлі тыйылсын», ­– деді.

Александр Ивантер, «Эксперт» журналы бас редакторының бірінші орынбасары:

- Бұл ­– әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында қол жеткен жетістіктер. Ол мемлекеттілік пен экономиканың негізін қалап, сыртқы саясаттың бағытын, көпвекторлықты айқындап берді. Бұл қазіргі заманда өте маңызды басты ұстанымдар. Жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытты жалғастырып, мұрагерліктің оңтайлы жүзеге асқаны да өте маңызды.

Ғалымдардың есебінше, жер шары 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткеріп келеді. Салдарынан жүздеген миллион адам қаза тауып, мыңдаған қаланың күлі көкке ұшты. Қаншама мәдениет пен өркениет жойылды. Әсіресе сол кезде «Сирия» тақырыбы дүниені дүр сілкіндірді. Тұтас Таяу Шығыстың тағдыры талайды алаңдатқан еді.

Астана бұл іске араласқан соң, тоң жіби бастады. Амалын тауып Сирия сергелдеңіне Астанада алаң ұсындық. Атыс-шабыс тоқтады. Ақыры Шамдағы шатақ топтардың соғысы аяқталды. Ауғанға гуманитарлық көмегімізді аямай, азулы елдерді осы аймақта тыныштық сақтауға көндірдік. Елбасы үнемі өңірлік тұрақтылық пен дінаралық диалогты жан-жақты қолдайды.

Мұны Ватиканның құрметті мемлекеттік хатшысы Тарчизио Бертоне де растап отыр. Ол әлі күнге дейін 2010-шы жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін ұмытқан емес.

Тарчизио Бертоне, кардинал, Ватиканның құрметті хатшысы:

- Мен үшін бұл – өте қадірлі сурет. Себебі 2010 жылы өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде түсірілген. Ол саммитке келген барлық делегация өкілдерімен кездескен еді. Мен Рим папасы Бенедикт 16-шының делегациясын бастап бардым.

Біріккен Ұлттар ұйымы. Бұл – әлемдік саясат сахнасындағы әлеуеті мықты бірлестік. Жер бетіндегі 200-ге жуық мемлекеттің басын қосқан ұйымның құрылымы да сан салалы. Бас ассамблея, Бас хатшылық, Сот жүйесі, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, МАГАТЕ дегендерін айтпағанның өзінде бір ғана қауіпсіздік кеңесінің өзі жаһан жұртын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Өйткені әлем елдеріне санкциялар салып, бітімгерлік күшті енгізіп, соғыс операцияларын тоқтатуға тікелей әсер ете алатын да дәл осы Кеңес. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің арасынан осы кеңеске мүше болған алғашқы мемлекет. Ал Қазақстанның қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі жаһандық геосаясатта өте жауапты қадам болды.  

Әлішер Әбдірешов, Халықаралық зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері:

- Біз ешкіммен қақтығысып, соқтығыспаймыз. Керісінше халықаралық келіссөздер кезінде екіжақты ынтымаққа шақыратын бітімгер елміз. Бұл – мәртебелі дәреже. Әлем елдері оны жақсы біледі. Бұндай бейбіт ел ретінде танылуымызға Тұңғыш Президенттің қосқан үлесі көп. Әсіресе Семейдегі ядролық полигонды жабу туралы бастама дүниежүзінің назарын бірден өзіне аудартты. Соның нәтижесінде қазір Қазақстан әлемдік аренада ойып тұрып орын алады. Бәрі құрметтейді, халықаралық ұйымдар бізбен санасады.  

Қазір Қазақстанның сындарлы сыртқы саясатындағы басты ұстанымы — бейбітшілік. Әлемнің қауіпсіздігі үшін қосқан қомақты үлесін бүгінде бәрі оң бағалайды. Әлем білікті басшы, сарабдал саясаткердің тың бастамаларына әрдайым иек артатыны анық.