Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Женевада бірқатар ресми кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияда дүниежүзілік ұйымның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесті. Орталық Азиядағы ахуал, Ауғанстанға көмек көрсету миссиясын Алматыда орналастыру, Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықты өз аумағында құру жайлы Қазақстан бастамалары талқыланды.

Президент елімізде пандемияға қарсы күреске қатысты қабылданып жатқан шаралар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясында коронавирустың жаңа штамдарына бірлесіп қарсы тұру үшін басқа елдерге үндеу тастағанын айтты. Татьяна Валовая Мемлекет басшысын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, 2011-2013 жылдары өзі басқарған Женева бөлімшесіндегі ұжымның ыстық сәлемін және ізгі тілегін жеткізді.

Президент Швейцария сапары аясында Қазақстанның Халықаралық қызыл крест комитетімен ынтымақтастығын нығайту жолдарын да талқылады. Әрі қазақстандық әскерилердің бітімгерлік миссияларға қатысу ауқымын кеңейту жоспары туралы айтты. Халықаралық ұйым президенті Петер Маурерге атқарып жүрген қызметін толық қолдайтынын айтып, репатриация және реинтеграция, отбасылардың қауышуы және қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарға психологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара табысты ықпалдастықты атап өтті. «Соның айқын көрінісі Қазақстанның Қорғаныс министрлігімен бітімгерлік операциялар жүргізу кезінде байқалды», - деді Президент.

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер министрлері ХІІ конференциясының өтетін уақыты кейінге шегерілді. Жиын 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада өтуге тиіс еді. Індеттің өршуіне байланысты министрлер конференциясын өткізбеуге тура келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Женеваға сапары аясында ұйымның бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесіп, іс-шараны өткізудің жаңа мерзімдерін талқылады. Президент пандемия жағдайында ұйымның әлемдік экономиканы қайта қалпына келтіру ісіндегі негізгі рөліне назар аударды. Қазақстанның осы ұйымға кірген кезде өзіне жүктелген міндеттерге бейілділігін растай алатынына сенім білдірді.