Хабар телеарнасы

Биыл Nur Otan партиясы халықтан түскен 400 мыңнан аса өтінішті қараған

Бұл мыңдаған адамның партияға деген сенімін білдіреді. Елордада 600-ден аса шетелдік және отандық сарапшы бас қосып, Қазақстандағы партиялық-саяси жүйенің даму эволюциясын талқылады. Халықаралық форумда сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелері, заманауи электоралдық трендтер сөз болды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған жиынға Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия елдерінің мамандары қатысты. Олар: «Nur Otan партиясы халықаралық қатынастар локомотиві қызметін атқарып жүр», - десті.

Біздің елдегі партиялық-саяси жүйенің қалыптасуын негізгі үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқы онжылдық көппартиялықты заңдық тұрғыда бекіту кезеңі болды. Одан кейінгі жылдар партияның нығаюына, пропорционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшуге күш салды. Үшінші онжылдық көппартиялық жүйенің қазақстандық моделін қалыптастыру кезеңі болды. Бұл мақсатқа жету жолында Елбасының «Қазақстан 2050» Стратегиясы, 2015 жылы ұсынған Бес институционалдық реформасының маңызы зор екенін айтқан жөн.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Парламенттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің 60% астамының тәжірибесі бойынша пропорционалды сайлау жүйесіне көшу толық жүзеге асырылды. Бұл партиялардың ел өміріндегі рөлі мен маңызын институционалды тұрғыда нығайтты. Ал енді 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан сабақтастық саясаты аясында жалғасуда.

Президент өзінің алғашқы Жолдауында саяси реформаларды асығыстыққа салынбай, кезең-кезеңімен жүзеге асыратынын айтты. Өйткені қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес деді. Нәтижесінде, елімізде саяси реформалардың бірнеше пакеті жүзеге асырылды. Партияларды тіркеуде кедергілер азайды. Сайлауалды тізімде әйелдер мен жастар үшін квота белгіленді. Парламенттік оппозиция институты бекітілді. Митингілер өткізудің тәртібі бекітіліп, ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Nur Otan партиясы – құрылған кезінен бастап көптеген маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаны кезең-кезеңімен асырып келе жатқан саяси күш. Партия даму жолында саяси сабақтастық пен байыпты дамуды басты қағида ретінде ұстанып келеді. Әсіресе қазақстан қоғамының біртұтастығы мен саяси белсенділігін арттыру ісінде алатын орны ерекше.

Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады. Осының нәтижесінде көршілерімен ғана емес, батыс елдерімен де қарым-қатынасы жақсы. Халықаралық ұйымдармен, сырт елдердің партияларымен де сындарлы диалог орнатты.

Риккардо Пелиццо, Назарбаев Университетінің зерттеулер жөніндегі вице-деканы /Италия/:

- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның әлеуметтік экономикалық жағдайы сын көтермеді. Осындай кезеңде Nur Otan партиясы жетекші саяси күш ретінде Қазақстанның экономикалық дамуына өз үлесін қоса білді. Қоғамның орнықты дамуы мен азаматтардың тұрмысын жақсарту жолында еңбек етті. Партияның тағы бір жетістігі елдегі тұрақтылықтың сақталуына қосқан үлесі дер едім.

Форум спикерлері Nur Otan партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімі партиялық жүйе эволюциясының маңызды кезеңдерінің бірі болғанын атап өтті.

Таир Будагов, «Ени Әзербайжан» партиясы төрағасының орынбасары:
- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси жүйеде  талай жетістікті еңсерді. Бұл жетістіктердің барлығы елдің Тұңғыш Президенті Нұрсқұлтан Назарбаевпен және ол басқарған
Nur Otan партиясымен байланысты екенін айтқан жөн. Нұрсұлтан Назарбаев «Ени Әзербайжан» және Nur Otan партияларының тиімді қарым-қатынас орнатуына ла үлкен үлес қосты. Бұл елдеріміз арасындағы достық, бауырластық байланысты нығайтуға себеп болды.

Партия құрылғалы бері Қазақстанның саясат сахнасында өз орнын айқындады. Бір жыл ішінде халықтан келіп түскен жарты милионға жуық талап-тілекті шешіп беруі – соның дәлелі. Қазіргі күні партияның алдында пандемияға байланысты сын-қатерлерді еңсеру міндеті тұр. Мұны да табысты еңсеруге сөз беріп отыр.

Авторлары: Шынар Асанқызы Мұхаметәли Тильдебаев