Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Швейцарияға сапары аясында Инвестициялық дөңгелек үстел отырысына қатысты

Президенттің айтуынша, конфедерация ұзақ жыл Қазақстанның негізгі стратегиялық және инвестициялық серіктесі саналады. Соңғы 15 жылда еліміздің экономикасына салынған Швейцария капиталы 26 миллиард франкке жетті. Ал Еуропа еліне құйылған қазақстандық инвестицияның көлемі 775 миллион шамасында. 200-ден астам швейцариялық кәсіпорын Қазақстанға инвестиция салып, табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан ­– Орталық Азия бойынша экономикасы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. Әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасалады. Мемлекет аса маңызды инвестициялық жобаларға 25 жылға дейін заңнамалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға кепілдік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда қызметі ағылшын құқығы базасына негізделген тәуелсіз соты бар әрі Орталық Азия аймағы бойынша жалғыз «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. АХҚО құрылымында сот ісін қараудың жедел баламалы түрін қамтамасыз ететін Халықаралық арбитраж орталығы құрылған. Қаржылық қызмет көрсететін Орталықтың қатысушылары 2066 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босатылған. Шетел валютасына, визалар мен жұмыс күшіне қатысты талаптар оңтайландырылған. Біздің биржалық алаңымызда әлемнің 59 елінен 1000-нан астам компания бар.

Форумда Швейцариялық кәсіпкерлердің сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін оларға алғыс айтты және екі елдің іскерлік топтарының өзара жемісті әрі тиімді ынтымақтастығы нығая түсетініне үміттенетінін жеткізді. Алдағы уақытта бұл елдің ірі халықаралық әуежайы Нұр-Сұлтан қаласымен тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отыр. Бұл міндетті іске асыру үшін екі елдің кәсіпкерлері бірлескен жоспар құрады.

Форум қорытындысында жалпы сомасы 301 миллион доллар болатын алты коммерциялық келісімге және он коммерциялық емес құжатқа қол қойылды. Ең сүбелісі – Qazvac вакцинасын Швейцарияда өндіру жөніндегі келісім. Тараптар жобаны жүзеге асыруға келер жылы кіріседі.