Хабар телеарнасы

Мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың тиімді жолдарын қарастыруда

Сонымен қатар осы салада кадр дайындау мәселесіне де назар аударылады. Яғни жергілікті қоғамдастық менеджерлерін, қалалық модерация әдістерін оқытуды күшейту қажет. Бұл туралы Алматыда өткен X Азаматтық форумда айтылды.

Форум қатысушыларына Мемлекет басшысы да жылы лебізін білдіріп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және форумның 10 жылдық мерейтойына орай құттықтау хат жолдапты. Сонымен қатар шара барысында үкіметтік емес ұйымдар арасында жарияланған «Таңдау» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Серік Жүнісов форумға Шығыс Қазақстан облысынан келді. Ол басқаратын қор ауылды аймақты дамыту мәселесімен айналысады. Өзі осыдан үш жыл бұрын Өскеменнен Қатонқарағайға көшіп барған.  Серіктің айтуынша, соңғы 18 жылдың ішінде Қатонқарағай ауданының халық саны екі есе азайған. Серіктің мақсаты – ауыл халқын тұмса табиғаттан табуға үйрету.  

Серік Жүнісов, ШҚО тұрақты даму қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Жергілікті халықты туризмге үйрету, туризм арқылы табыс көзімен қамтамасыз ету керек. Не үшін халық Қатоқарағайдан көшеді? Бірінші, тұрақты табыс көзі жоқ. Сол себепті біз тұрғындарды қонақүйлер ашуға үйретіп, оларға арнайы грант беріп, туризмді дамыту арқылы экономиканы көтеріп жатырмыз. Екініші мәселе – аудандағы білім деңгейін көтеру. Сол себепті біз Назарбаев мектебімен бірлесіп аудандағы үш мектепті Назарбаев мектебінің деңгейінде жабдықтап жатырмыз.

Осы сияқты кәсіпкерлер мен халықаралық ұйымдар қаржыландыратын жобалар өз алдына. Ал қазір  мемлекет тарапынан 2500 үкіметтік емес ұйым әлеуметтік тапсырыс пен қолдауға ие болып отыр. Жалпы елімізде 23 мыңға жуық ұйым бар. Олар шама-шарқыларына қарай билік пен қоғам арасында диалог құрып, көптеген түйіткілді мәселені шешуге атсалысып жүр.   

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Еліміз бастан кешірген қиын кезде үкіметтік емес ұйымдар белсенділік көрсете білді. Қаншама қайырымдылық шаралары жасалды. Халқымыз өзгенің басына түскен қиындыққа бей-жай қарай алмайтынын байқатты. Волонтерлар саны еселеп өсті. Қазір Волонтерлік қызмет пен қайырымдылық туралы заң жобасы Парламент қарауында жатыр.

Ашықтықты қамтамасыз ету, қоғаммен өзара үнқатысу. Азаматтық қоғам осыны көздейді. Форумда ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықаралық ынтымақтастық, экология мен инклюзия мәселелері де қаралды.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Форум өңірлік емес ұйымдардың маңызын аша білді. Кәсіби үкіметтік емес ұйымдар тек ірі қалаларда ғана емес барлық өңірде, соның ішінде шалғай аудандарда белсенді екенін көрсетті. Ең бастысы, Елбасы барынша қолдап келе жатқан бұл игілікі үрдіс келешекте де өз жалғасын табады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекет дамуына үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдар «Таңдау» сыйлығына ие болды. Бұл марапат форум тарихында алғаш рет табысталды. Оған 10 жылдан бері үкіметтік емес ұйымның жұмысын жүргізіп келе жатқандар қатысты. Ең үздіктері жеңімпаз атанды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев