Хабар телеарнасы

Президент алматылықтарға қаланың ауасын тазартамыз деп уәде берді

Көгілдір отынмен жұмыс істейтін алғашқы қазандық сол жылы іске қосылуға тиіс. 

Елдегі ең ірі мегаполиске барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды жаңғырту жұмыстарының басталғанын білдіретін естелік капсуласын қойды. Мемлекет басшысы сапар барысында өзі білім алған мектепті және бірқатар әлеуметтік нысанды да аралап көрді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл – уақыт капсуласы. Мектепті 1970 жылы тәмамдаған түлектердің болашақ ұрпаққа қалдырған өсиет мұрасы. Сол уақытта капсуланың қазіргідей құнды жәдігерге айналатынын ешкім білген жоқ. Себебі арада тура 49 жыл өткенде түлектердің бірі тәуелсіз ел тарихындағы екінші Президент атанды. Музейдегі ескі фото-суреттерден Қасым-Жомарт Тоқаевты оңай тануға болады. Ол осы мектеп қабырғасында 10 жыл бойы білім алған.

Әйгілі жазушы Ілияс Есенберлин атындағы білім ұясы талай өнегелі шәкірт тәрбиеледі. Президент түлеп ұшқан мектебін аралап, жаңарып, жаңғырған келбетін көрді. Заманауи интерактивті оқу құралдарымен жабдықталған кабинет, акт залы және кітапхананы аралады. Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде өзі оқыған сыныпқа кірді. Қазіргі уақытта бұл кабинетте француз тілі оқытылады.

Ғазиза Аманбай, І. Есенберлин атындағы №25 мектеп гимназиясының директоры:

- Қасым-Жомарт Тоқаев 2003 жылы мектебімізге келген кезінде кіреберіс маңына 1970 жылғы түлектердің «уақыт капсуласы» жасырылғанын жеткізді. Арада 1 жыл өткен соң, сол жерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әлгі құнды жәдігерді таптық. Түлектердің болашаққа арнаған жолдау хаттары шағын кубокқа салынған екен. Қазір біз хаттарды музейге қойып, оқушылар назарына ұсындық. Президент оқыған мектептегі сол дәстүр әлі күнге үзілмей келеді.

Мектеп-гимназиясының 80 жылдан астам тарихы бар. Әйгілі жазушы есімін 2004 жылы иеленді. Содан бері қайта түлеу кезеңі басталды. Ал 2018 жылы білім ұясы сейсмикалық тұрғыда қауіпті деп танылды. Араға уақыт салып, әбден тозығы жеткен нысан бюджет есебінен қайта жаңғыртылды. Президент мектеп кітапханасындағы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Кейін дәстүрді жалғастырған 11-сынып оқушыларымен бірге 2050 жылға арналған хатты уақыт капсуласына салып, мектеп қабырғасына қалады.

Президент барған бұл ғимараттың да бастапқыда жер сілкінісіне төтеп беру қабілеті нашар болған. 1,5 млрд теңгеге ғимарат толық жаңартылды. Бесқабатты нысан қалалық әлеуметтік қызметтер үйіне айналды. Тұрғындар мұнда кез келген әлеуметтік түйткілмен жүгіне алады. Жұмыспен қамту, жәрдемақы алу, үй кезегіне тұру сынды қызметтер бір жерден көрсетіледі. Мекеме республика бойынша әзірге жалғыз әлеуметтік орын және осы тәжірибені ел көлемінде қолданысқа енгізу көзделіп отыр.

Назира Тоғызбаева, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы:

- Бұрын әлеуметтік қызмет алу үшін адамдар бүкіл қаланы аралайтын. Ол қаланы аралау үшін 7-10 күн өтеді. Қазір осы әлеуметтік қызметтер үйіне келіп, бір сағатта жұмысын бітіріп, оң нәтижесімен үйіне қайтады.

Алматылықтар үшін ең өзекті екі мәселе болса, алғашқысы – кептеліс, ал екіншісі – экология. Мұндағы үш үлкен жылу электр орталығының біреуі ғана көгілдір отынмен жұмыс істейді. Қалғаны көмір жағады. Салдарынан ауаға жылына 50 мың тонна зиянды қалдық таралады. Осы өзекті мәселемен әрі станция аумағында салынатын қуаты 600 МВт бу-газ қондырғысының құрылысына дайындық жұмыстарымен Президент танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы бес жылда Алматы мен Алматы агломерациясы тұрақты энергиямен және жылумен қамтамасыз етіледі. Белгіленген жоспарды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда, Мемлекет басшысының өзі осы капсуланы қалап, тиісті жұмыстарды бастап бергені үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қалалық энергетика кешенін жаңғырту нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар 2026 жылға қарай жылына 50,4 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға дейін азаяды. Алып шаһар қою түтіннен арылады. Қазір жобаны қаржыландыру жайы реттеліп жатыр. Жаңғырту жобасына бастапқыда 131 млрд теңге қажет делінсе, ендігі жерде бұл сома 3 есе көп. Жалпы құны 315 млрд теңгеге жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ең бастысы, біз экологияны жақсартып, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етеміз. Мен үшін бұл аса маңызды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаланың ауасын тазарту үшін қажетті шараларды қабылдайды деп алматылықтарға уәде бердім. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы қала тұрғындары экологияның ластануынан зардап шегіп келді. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек.

Жоспар бойынша станциядағы алғашқы газ турбиналық қондырғы 2023 жылы іске қосылады. Жалпы саны 23 қазандық қойылады. Қаланың ауасын ластап тұрған тек жылу электр орталықтары ғана емес. Алматы маңында өндіріс орындары көп. Экологияны жақсарту мақсатында жүздеген гектар жер орман алқабына айналып жатыр. Негізінен қылқан жапырақты ағаштар егіледі. Қала экологиясын жақсартуға Президент те үлес қосты.

Ұлан Абдуллаев, Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда 3 мыңнан аса қылқан жапырақты және 2 мыңнан аса жапырақтұқымдас ағаштар егілді. Күту жұмыстарына байланысты 2 суару станциясы орнатылды. Сондай-ақ биылғы жылы 3 гектарға тамшылатып суару технологиясы жүргізілді.

Сапар соңында Мемлекет басшысы Алатау креатив алаңына барды. 20-дан аса үйірме жұмыс істейтін орталықта айти зертхана да ашылды. Мұнда өрендер роботты техниканың қыр-сырын меңгереді. Соңғы жүргізілген зерттеу бойынша Алматының креативті саласында 18 мыңға жуық мекеме құрылған. 45 мың адам еңбек етіп жүр. Мұндай қарқынмен алдағы 4 жылда креативті компаниялар саны 32 мыңға жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Іле Алатауы табиғи паркі мен Алматы қорығы аумағында саяхатшылардың қауіпсіздігі үшін салынған шағын үйлер көрсетілді. Олар жылыту пештерімен және төтенше жағдайда қажет құтқару құралдарымен жабдықталған.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков, Алмас Омарғалиев