Хабар телеарнасы

Н. Назарбаев: Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын

Елбасы Ауғанстандағы жағдайға қатысты және өзге де мәселелер бойынша бірқатар нақты ұсыныс жасады.

Басты назардағы тақырыптар – коронавирустың таралу қаупі, әлемдік державалардың текетіресі және ядролық қарусыздану.

Дәл осылай кең отырып әңгімелеспегелі екі жылдың жүзі болды. Екі жылда көп дүние өзгерді. Сондықтан бұл жолы талқылайтын тақырыптың аясы тіпті кең. Пандемия басталмай тұрып болған бесінші отырыста Елбасы Ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынған. Енді, міне, сол ұсынысты әлемнің белгілі деген бірнеше саясаткері қолдады. Ядролық мемлекеттердің қатысуымен стратегиялық шаубылдаушы қару-жарақты қысқартудың жоспарын әзірлеу – бұл да бұған дейін Елбасы көтерген бастаманың бірі. Жоспардың қажеттілігі – күн тәртібінен түскен емес.

Ал ядролық қарусыздануға байланысты жаһандық форумға сұраныс бар. Соңғы кезде бұл тақырып талқыға салынатын алаңдар азайып кетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы – көптің көкейінде жүрген мәселе.

Пан Ги Мун, БҰҰ бұрынғы бас хатшысы:

- Ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсына отырып, Нұрсұлтан Назарбаев осы саладағы көшбасшылықтың үлгісін көрсетті.

Адамзатты алаңдатқан мәселелерге қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың өз айтары бар. Елбасы коронавирус пандемиясына тоқталды. 250 млн астам адам жұқтырған, 5 млн адамның өмірін жалмаған індеттің беті қайтар емес. Бұдан бөлек, державалар арасындағы текеріс те дегбірді қашырып тұр. Ал Ауғанстандағы ахуал – өз алдына жеке мәселе. Егер жағдай өзгермесе, таяу уақытта бұл елде гуманитарлық апат болуы әбден ықтимал. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше 23 млн адам – Ауғанстан халқының тең жартысы азықтан тарлық көретін болады. Мұның ақыры босқындар санының көбеюіне әкеледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанды оңалту жөніндегі Халықаралық орталығын Алматы қаласында ашу жөніндегі Елбасы ұсынысының өзектілігі күн санап артып барады. Біздің ел Біріккен Ұлттар Ұйымының тетіктері арқылы азық-түлік тасымалының көлемін ұлғайтуға дайын.

Хамид Карзай, Ауғанстанның бұрынғы Президенті:

- Ауғанстандағы жағдай тұтас Еуразия мен Еуропаға әсер етеді. Босқындар – көп түйкілдің бір ғана мысалы. Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Ең әуелі, көрші мемлекеттермен және АҚШ пен Еуропа елдерімен қарым-қатынастың маңызы зор.

«Үлкен Еуразия» саналатын аумақтағы сенім мен диалог институттарын нығайту керек. Әсіресе бұл өзгеріс қазіргі кезде азиялық мемлекеттерге қажет. Бұл тұста Елбасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті атады.

Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен айтылған, әу баста Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының азиялық баламасы ретінде ойластырылған құрылым қазір өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Еуразия мемлекеттеріне жүйелі диалог керек. Ал жүйелі диалогқа халықаралық бірлестіктер бастамасы бола алады. Бірлікке бастайтын жиынның қай қайсына Қазақстан қолдау көрсетуге әзір.

Әлемді алаңдатқан мәселелер талқыланатын алаңға жаһандық қайраткерлер жиналды, олардың ішінде бұрынғы мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері бар. Үлкен Еуразия айнасындағы көп түйткіл таразы табағына тасталды. Себебі өңірге, қала берді тұтас жер-жаһанға төнген түрлі қауіп бар. Ал қауіптердің жолын кес-кестеу үшін ең әуелі осылай кеңесу керек.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Айдос Ентебеков, Әлібек Әлиев