16:00Эфирде: Телесериал «Клад могилы Чингисхана»
17:45Әрі қарай: «На крючке» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қ. Тоқаев: ел ішіне іріткі салатындарға аяушылық танытпаймыз

  • Категория: Саясат
Қ. Тоқаев: ел ішіне іріткі салатындарға аяушылық танытпаймыз

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында түрлі этнос өкілі Президентке ұсыныстарын айтты.

Мысалы, Түркістан топырағына тұрақтаған 40 мың тәжік мемлекеттік тілде білім алу үшін аралас мектептердің санын көбейтуді сұраса, Оңтүстіктегі өзбек халқы солтүстік аймаққа қоныс аударуға қарсы емес. Тек бюрократиялық кедергілерді азайтуды сұрайды.

Алексей Лодочниковтің әзілдері әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинайды. Қазақша ныспысы Қайықбаевтың қазақшасына сүйсінбейтін адам жоқ. Түрі – орыс, жаны – қазақ. Алексейдің Instagram әлеуметтік желісінде 50 мыңнан астам тұрақты көрермені бар, дені – жастар. Осылайша, ол бір өзі шағын ассамблеяның міндетін арқалап жүр.

Алексей Лодочников, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Қазақ тілін меңгеріңіздер, өйткені ол ешқашан сізге бөгет жасамайды. Алдарыңыздан үлкен жолдар ашылады.

Көбіне-көп ұлтаралық жанжалдардың шығу тегі әлеуметтік мәселеде. Оған бір мысал, Қордайдағы қақтығыс. Әсіресе халқы тығыз шоғырланған оңтүстік өңірде этносаралық шиеленіс ши жүгіртсең шарпып кетуге шақ. Бірақ: «Бәрі бақылауда тұр», - дейді Өмірзақ Шөкеев.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

2019 жылдан бастап этносаралық шиеленістерді тікелей зерттейтін мониторингтік орталық ашылды. Соның арқасында 2019 жылы Шорнақ елді мекенінде осындай тәуекел бар екеніне көзіміз жетті. Сол жерде тиісті шаралар қолданып, екі жақтың қарияларын жинап, олармен мәслихат өткізіп, сол жердегі құқық қорғау органдарының жұмысын нығайтып, әрекет жасадық. Соның арқасында 2020 жылғы кикілжің де, қантөгіс те болмай, мәселе бірнеше сағаттың ішінде реттелген болатын.

Жалпы өзге этностар елдегі кез келген бастамаға белсене араласады. Мысалы, оңтүстікте тығыз орналасқан өзбек ұлтының біразы солтүстікке қоныс аударуға әзір. 

Алишер Сатвалдиев, «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің бас редакторы:

Қай облыста және ауданда бос жерлер бар, қанша отбасыны қабылдай алады, қандай қолдау шаралары көрсетіледі. Бізге осындай нақты ақпарат керек. Сондай-ақ солтүстікке қоныс аудару процесіне бюрократизм кедергісін келтірмесе дейміз. Өз тарапымыздан түсіндірме жұмыстарын мектеп қабырғасынан бастап-ақ жүргізуге әзірміз.

Көп ұсыныс айтылды, Президент бәрін тыңдады. Сосын Ассамблеяның жұмысын жүйелей түсу үшін сегіз тапсырма жүктеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз былтыр әр өңірдің ішкі саясат басқармасынан жеке бөлім аштық. Осы бөлімдерге қолдау көрсетіп, жұмысын жандандыра түсу керек. Оларға өз құзыретіне кірмейтін тапсырма берілмеуі қажет. Әркім өзіне жүктелген міндетті атқаруға тиіс. «Қоғамдық келісім» мекемесінің де қызметіне қатысты осы талапты ұстануға тиіспіз. Аталған ұжымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көбейткен жөн.

Елде бірлік пен татулыққа қарсы айтылған бір де бір сөз жауапсыз қалмауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек.

Президенттің тапсырмасымен Түркістан облысында Достық үйі салынады. «Дегенмен мұндай үйлер тек салтанатты жиындар өтетін орынға айналмауға тиіс. Ол үйде сарапшылар мен халық кездесіп, проблемаларды талқылауы керек», - деді Президент. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның кезекті сессиясының тақырыбын ұсынды, ол жастарға арналады.

Авторы: Гүлжан Марқабаева

Сондай-ақ...