Хабар телеарнасы

Президент Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Онлайн форматта өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Індетпен күресте оң нәтижеге қол жеткізгенімізге қарамастан одаққа мүше елдерде жағдай әлі де қиын. Жаңадан пайда болған штамдар мен вакциналау процесінің бәсеңдігі бестік одақ басшыларын алаңдатып отыр.

Карантинсіз кезеңде президенттер жылына кем дегенде екі рет кездесіп, одақ жайын ортаға салып талқылайтын. Бірақ «Бестіктің» басшылары бір үстел басында бетпе-бет жүздеспегеніне 2 жылға таяп қалыпты. Осымен төртінші отырыс онлайн форматта өтіп жатыр. Пандемия болмаса, олар Беларусь астанасы Минскіде бас қосуы тиіс еді. Бірақ жоспар аяқ асты  өзгерді.

Бестік одақ жаһандағы үлкен нарықтың үштігіне енеді. 184 миллионнан астам тұтынушысы бар. «Әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдесе де бестіктің алыс-берісі азайған жоқ», ­­­– десті Президент. Қайта еселеніп келеді. Жылдың алғашқы 6 айында одақ елдерінің жалпы ішкі өнімінде өсім бар. Бұл бесеудің ортақ жеңісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы жылдың бірінші жартыжылдығында одақ елдерінің жалпы ішкі өнімінің өсімі 4,5% жетті. Жиынтық жалпы ішкі өнім 900 млрд долларға жуықтап қалды. Дегенмен мұндай жетістіктердің бар екендігіне қарамастан сыртқы тәуекелдер мен белгісіздік факторы әлі де жоғары.

Соның бірі ­– азық-түлік қауіпсіздігі. Бұл – жаһанға ортақ проблема. Жер шарының әрбір 10-шы тұрғыны, яғни 700 млн-нан астам адам азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Әрине, біздің елдерде ахуал әлдеқайда жақсы. Бірақ әлемдік бағаның өсуі біздің де бүйірден қысып барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұны қазірдің өзінде нарықтарымыз сезіне бастады. Проблема шиеленісуі жылдан-жылға арта түсетін болады. Сондықтан Еуразиялық экономикалық комиссия одақ елдерімен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ жобасын әзірледі. Құжатта азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықты төмендетуге бағытталған іс-шаралар қамтылған. Бұл құжатттың маңыздылығын ескере отырып, оны Алматыда өтетін отырыста бекітуді ұсынамын.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмысты жалғастыруды Ресей басшысы да қолдап отыр.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күші қозғалысының еркіндігін барынша қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл бағытта қол жеткізген жетістіктеріміз де бар. Соңғы уақытта одаққа мүше мемлекеттер бөлшек сауданы дамытуды біріздендіріп, тұтынушылардың құқын қорғау бойынша ұлттық реттеуді жүзеге асырды.

Ауқымды жоспар-жобаларымыз, бастамаларымыз бар болғанымен, экономикалық тұрғыда әлі де «тонның ішкі бауындай» араласып кете қойған жоқпыз. Қазақ басшысы Одақ елдерінің өзара бірлескен ірі және инвестициялық жобалары аз деді. Соңғы екі жыл ішінде Ресейлік «Лукойл», «КамАЗ» компанияларымен бірлескен зауыттар ашқан екенбіз, Бірақ, бұл жеткіліксіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Одақтың басқа елдерімен өндірістік ынтымақтастықтың әлеуеті әлі ашылған жоқ. Ірі және өзекті инвестициялық жобалар жетіспейді. Мен үкіметтерге интеграциялық өзара әрекеттестіктің осы векторын күшейтуді тапсыруды дұрыс деп санаймын.

Бірер жыл бұрын интеграциялық одақ әрі кетсе 10-15 жылға созылады деген әңгіме айтылса, қазір керісінше сырт көздерді енді қай мемлекет одақ құрамына кіреді, кіммен байланыс орнатады деген сауал қызықтырады. Президенттер: «Үшінші елдермен ынтымақтастық орнатуға мән беру керек», ­– десті. Өйткені соңғы жылдары бұл мәселе кенжелеп қалғаны рас.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Пандемиялық ахуал біртіндеп түзеліп келеді. Осыны ескере отырып, үшінші елдермен және одақтармен ынтымақтастық барынша маңызды. Дегенмен Израиль, Мысыр, Үндістанмен еркін сауда-саттық туралы келісім 5-6 жыл бойы жалғасып келеді. Ал Моңғолия мен Индонезия нарықтары 2 жылдан астам уақыт бойы зерттеліп жатыр. Сондықтан комиссия келіссөздер процесін жеделдетуі тиіс.

Одақ мүшелері де сырт елдермен еркін сауда аймағын дамытуға басымдық беріп отыр. Қасым-Жомар Тоқаев жаңа сауда бірлестіктерімен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен  және тегіс қамтитын өңірлік экономикалық серіктестікпен байланыс орнатудың маңызы зор екеніне тоқталды.