Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев ШҚО-дағы Ақтоғай кен байыту кешеніне барды

Жаңа фабрика жылына 25 млн тонна сульфид кенін қайта өңдейді. Ал оның әлеуметтік әсері – 700 жаңа жұмыс орны және бюджетке түсетін 80 млн доллар салықтық түсім. Президент кен өндіру процесін көрді, қызметкерлермен кездесті. «Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына лайықты тарту болды» деп бағасын берді.

Ақтоғай мыс кен орны Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарының түйіскен жерінде орналасқан. Әлемдегі ең ірі қор шоғырланған жер. Ақтоғайға арнайы келген Мемлекет басшысына оның әлеуеті таныстырылды. Келер жылдан бастап мұнда 190 мың тонна мыс, оның ішінде 20 мың тонна катодты мыс өндірілмек. Кәсіпорында озық технологиялар қолданылады, тіпті жасанды интеллектіге иек арта бастаған. Президент кен өндіру процесін де өз көзімен көрді.

Ақтоғай алпауытқа айналмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев кешендегі екінші кен байыту фабрикасын ресми түрде іске қосып берді. Осылайша, кен өңдеу көлемі 25-тен 50 млн тоннаға дейін артпақ. Қазақстанның алдында тұрған бір міндет – еңбек өнімділігін арттыру. «Ол үшін бізге осындай кәсіпорындар қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен былтыр Жолдауымда индустрияландырудың 10 жылдығында өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі алғаш рет тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түсіп, 13% жеткенін айтқан едім. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны сақталып, шамамен 6% жетіп отыр. Индустрияландыру картасы аясында 12 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 120-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды. Жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады. Жалпы біздің міндетіміз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе, ал еңбек өнімділігін 30% арттыру. Ол үшін бізге Индустрия 4.0 элементтері бар әрі өнімдерін экспорттайтын заманауи кәсіпорындар қажет. Жаңа кен байыту фабрикасы осындай талаптарға сай келеді.  

Кеніште 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Екінші фабриканың іске қосылуымен 700 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Әлеуметтік әсерін Президент айтып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өңделген өнімнің экспорты артады. 700 жаңа жұмыс орны ашылып, салықтан бюджетке қосымша 80 миллион доллар кіріс кіреді. Комбинат Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына, білім беру және емдеу мекемелерінің жабдықталуын жақсартуға белсенді атсалысады. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің лайықты үлгісі.

Бизнес әлеуметтік жауапкершілігін сезінеді. 2017 жылдан бері «Қазминералс» компаниясының әлеуметтік инвестициясы 9,6 млрд теңгеге жеткен. Мамандарды оқытады, қайтар даярлайды. Солардың бірі – Гүлнұр Әубәкірова. Шынашақтай ғана қыз жүк көлігін ұршықтай иіріп әкетеді.

Гүлнұр Әубәкірова, маман:

-  Мұндағы техника мен технологиялар әлемдік деңгейде. Сондықтан біз осы саланы өзіміздің өмірлік кәсібіміз ретінде таңдап отырмыз.

Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Президентке қолдауы үшін алғыс білдірсе, Президент фабриканы қысқа мерзім ішінде салып бітірген құрылысшыларға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына лайықты тарту болды. Мен бұған дейін осындай нақты жобаларды жүзеге асыруға мән беру қажеттігін айтқан едім. Жаңа кәсіпорын – соның айқын дәлелі.

Өндіріс ошағының осындай қиын сәтте іске қосылғаны тұтас Шығыс Қазақстанның экономикасы үшін оң әсері болмақ. Жалпы биыл облыста үлкенді-кішілі 14 кәсіпорын жұмысын бастамақ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева