Хабар телеарнасы

Сенатор журналист мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

Ақпарат өкілдерін қолдап, әлеуметтік көмек берген жөн. Сенатор Нұртөре Жүсіп журналистер мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынып, сауалын Үкіметке жолдады. Айтуынша, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде анықталмаған. Салалық заңда журналистердің тек құқықтары мен міндеттері жазылған. Депутат ақпаратқа қолжетімділікті жеке реттеуді ұсынды. Сенатор журналистердің жалақысының аздығын да айтып өтті. АҚШ-та журналистердің айлығы жылына 28-ден 75 мың долларға дейін жетсе, қазақстандық БАҚ өкілдерінің бір жылда табатыны 3-4 мың доллардан аспайды екен.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын.